Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев...

Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеге барды

Президент Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барды.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президент Ақтөбеде DaruZharygy серіктестігінің офтальмология орталығына барып, жаңа клиниканың емханалық, диагностикалық және стационарлық бөлімшелерін, лазер орталығы мен операция жасау бөлімін аралап көрді, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен танысты.

Елбасы өңір тұрғындарына шетелге бармай-ақ, еуропалық деңгейдегі жоғары мамандандырылған офтальмологиялық көмек алуға мүмкіндік беретін мұндай нысандарды іске қосудың маңызы айрықша екенін айтты.

Медицина қызметкерлері денсаулық сақтау саласына үнемі көңіл бөліп, тиімді әлеуметтік саясат жүргізіп жатқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді. Осы жерде Президентке Астанада салынатын алғашқы медициналық оңалту орталығының макеті таныстырылды.

DaruZharygy серіктестігі — мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында австриялық компаниямен бірлесіп салынған өңірдегі ірі офтальмология және көз микрохирургиясы орталығы. Жоба құны — 3,2 миллиард теңге. 60 орындық клиника Еуропада шығарылған медициналық құрылғылармен жабдықталған. Стационар күніне 500 адам қабылдай алады.

Мемлекет басшысы «Аяла» балаларды сауықтыру орталығына барып, церебрал сал ауруымен, аутизммен, нейроортопедиялық патологиямен ауыратын балаларға арналған заманауи технологиялар мен стандарттары бар әлеуметтік-психологиялық және медициналық оңалту бағдарламаларымен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаевқа «Бақытты бала» облыстық жобасының жүзеге асырылу нәтижелері жөнінде баяндалды. Жоба аясында ерекше мұқтаж балалар үшін арнайы коррекциялық балабақша, психологиялық және медициналық-педагогикалық консультация беретін орындар, «Күншуақ» балаларды сауықтыру лагері ашылды. Аудандардағы психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеттері және Ақтөбенің орта мектептерінде инклюзив білім беру ісін дамыту жөніндегі ресурсты кабинеттер жасақталған.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Ақтөбе мыс компаниясы салған орталық Швейцария, Чехия, Польша және Ресейдің заманауи құралдарымен жабдықталған.

Елбасы мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында Словакия инвесторларының қатысуымен салынған жаңа Мұз сарайына да барды. Президент жас хоккейшілер мен басқа да ақтөбеліктерді Мұз сарайының ашылуымен құттықтап, шайбаға естелік қолтаңба қалдырды.

Жалпы аумағы 8 500 шаршы метр болатын спорт кешені жыл бойы хоккейден, шорт-тректен, мәнерлеп сырғанаудан, баскетболдан, шағын футболдан, бокстан, үлкен теннистен, гимнастикадан кәсіби жарыстар өткізуге, конькимен жаппай сырғанауға мүмкіндік береді. Арена 2 500-ден астам көрерменге арналған.

Бұдан соң Елбасы ACE Tennis Center теннис орталығына барып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған спорт кешенінің жұмысымен де танысты. Нұрсұлтан Назарбаев жас спортшылармен әңгімелесіп, теннис добына естелік қолтаңба қалдырды, осы орталықтың қонақүй кешені мен басқа да орындарын аралап көрді.

Бұдан кейін Мемлекет басшысына индустриялық аймақта іске асырылып жатқан жобалар, өнеркәсіп кәсіпорындарын цифрландыру және технологиялық тұрғыдан жаңғырту, облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша атқарылған жұмыс туралы баяндалды.

Ақтөбе облысының әкімі өңірдің биылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нәтижелері жөнінде баяндады.

Есепті кезеңде әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіші бойынша өсу қарқыны сақталып отыр. Өнеркәсіп өсімі — 105,7%. Жалпы, қаңтар-қыркүйек айларында өндірілген өнімнің құны 1,3 триллион теңгеден асты. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 167,3 миллиард теңге немесе 104 пайыз болды. Осы айда 85 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл — былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 22,1 пайызға артық. Биылғы 9 ай ішінде 318 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды, — деді Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы негізгі  мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде «Бес әлеуметтік бастаманың» жүзеге асырылу барысы жөнінде де есеп берді.

Баяндаманы тыңдаған соң, Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арналған Жолдауды тиімді іске асырудың маңызы туралы айтып, облыстағы орташа жалақыны өсіру, жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу және өңірдің, әсіресе Ақтөбенің экологиялық ахуалын жақсарту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

«Ақтөбе» индустриялық аймағының көлемі — 200 гектар. Онда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, автомобиль және теміржол көліктеріне арналған кірме жолдар бар. Бүгінде мұнда жалпы құны 60,3 миллиард теңге болатын 14 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.