Рио-2016: Иван Дычконың келесі қарсыласы кім?

Оның жартылай финалдағы қарсыласы Ұлыбритания боксшысы Джозеф Джойс болмақ. Д.Джойс 2013 жылы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, 2014 жылы Достастық Ойындарында жеңімпаз атанған, 2015 жылы Бакуде өткен Еуропа Ойындарының алтын медаль иегері, Дохадағы Әлем чемпионатында үшінші орын алған әккі боксшы. Ол 1/8 финалда Кабо-Верде елінің боксшысы Дэвилсон Мораишты нокаутпен, ширек финалда өзбекстандық Баходир Джололовты 3:0 есебімен ойсырата жеңгені әлі есімізде. Өте қарымды, ірі денелі, сауатты боксшы.

Иван Дычконың бойы қарсыласынан сәл ұзын – 205 сантиметр. Ал ағылшынның бойы – 197 сантиметр. Ең бастысы – қазақстандық боксшы осы басымдығын өз пайдасына қолдана біледі. Алыстан жүріп, сол қолымен джеб тастап, қарсыласына жақындауға мүмкіндік бермейді. Бірақ өзбекстандық боксшыны оңай жеңген Джозеф Джойстың өнерінен кейін секем ала бастадық…

АИБА рейтингісінде біздің Иван Дычко көш бастауда. Джозеф Джойс тек үшінші. Бұл кездесуде қазақстандық боксшы дұрыс тактика таңдайтын болса, қарсыласынан басым түсетін барлық мүмкіндігі бар. Оның үстіне И.Дычконың тәжірибесі молырақ. Ол – 2012 жылғы Олимпиада ойындарында қола медаль иегері, 2011, 2013, 2015 жылдардағы әлем чемпионаттарының жүлдегері.

Иван Дычко мен Джозеф Джойс арасындағы кездесу 19-нан 20-на қараған түні, Астана уақытымен 00:15-те өтеді.

Айта кетейік, қазақ боксшылары Рио Олимпиадасында 1 алтын, 2 күміс медальмен Куба мен Өзбекстанды артқа тастап, жалпы есепте көш бастауда.

Екінші орында келе жатқан өзбек боксшыларында 1 алтын, 1 күміс пен 2 қола медаль бар. Ал дүниежүзінің бокс державаларының бірі саналатын Куба құрамасы 1 алтын, 3 қола медальмен үздік үштікті түйіндеп отыр. Көрші Ресей елі 1 алтын, 2 қоламен төртінші орынды місе тұтты.

Айта кетейік, біздің құрамада Данияр Елеусінов 69 келіде алтын алса, 81 келіде Әділбек Ниязымбетов пен 91 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Василий Левит күміс еншіледі.

ДереккөзҚазАқпарат