Нұрлан Апахаев
Нұрлан Апахаев. Фото: Pps.kainar-edu.kz

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдаулары тың идеяларға толы және елге жаңа серпін береді. «Өмір ұзақтығымен емес, мазмұнымен өлшенеді» демекші, әрбір Жолдаудың халық өмірінде өзіндік құны бар.

2018 жылдың 5 қазанындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы халықтың көңілінен шықты. Жолдауда тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерге тоқтала отырып, алдағы міндеттер айқын көрсетілген. Сонымен қатар барлық саланың жұмысын жандандыруға басымдық берілген.

Біздің стратегиялық мақсат 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу болса, жолдауда берілген бағыттар осы жоспарды орындауға арналған.

Жолдаудың ІІ бағытының ІІ бөлімінде мектепке дейінгі білім беру сапасын жақсарту мәселесінде 4к моделіне, яғни креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылып, «Жол картасын» әзірлеу ұсынылған. Сонымен қатар үшінші бөлімінде көрсетілген орта білім берудегі негізгі тәсілдер белгіленіп, Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесін мемлекеттік мектептер үшін де бірыңғай стандарт болуы тиіс деген сөзі облыс, аудан мектептерінде орындалып келеді.

Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды деп атап кетуі де орынды. Бұл мұғалімдерге жоғарғы сыныптарда бейіндік пәндерінің жүргізілу сапасын жоғарылатып, мамандыққа бағдар жұмыстарын жоғарғы дәрежеде жүргізу керектігін міндеттейді.

Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты. Ал мұның бәрі ұстаздардан бастау алары анық. Осы орайда Жолдауда қарастырылған «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп қабылдау қажет деп тапсыруы өте орынды болды деп есептейміз. Бұл құжат мұғалімдерді қосымша жүктемелерден арашалауға көмек болады.

ІІ бағыттың бесінші бөлімінде жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман даярлау сапасына қатысты талаптар күшейтіледі делінген. Бұл нарықта жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндері ғана қалады дегенді білдіреді. Назарбаев университетінің тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнатудың маңызды екендігін ескертіп өткен.

Жолдауда қарастырылған мәселелер қатарында мұғалім мәртебесін көтерер жағымды жаңалықтар көңілге қуаныш ұялатты. Соның бірі — бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбек ақысын орта есеппен 35 пайызға өсіруі. Халықтың әл-ауқатының өсуіне бұл да үлкен көмек.

Жолдаудың жетінші бөлімінде көрсетілген өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру туралы тапсырмасында кем дегенде 100 дене шынықтыру, сауықтыру кешенін салуды бұйырды. Сонымен қатар оқу орындарындағы спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулалар, парк, саябақтарды жабдықтауды тапсыруы — халық үшін жасалып отырған игі істер.

Осындай 6 басым бағыттан тұратын Жолдау халық үшін өмір сүруге жайлы орта қалыптастырудың жолдарын көрсетіп отыр.

Сонымен бірге Қазақстандық жастардың болашағы мен олардың дамуына, атқаратын щараларына да көңіл бөліп отырғандығы, келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауы жастарды қанаттандырары сөзсіз. Алтыншы бағытта Қазақстан жастарының дамуында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының зор серпін бергенін ескере отырып, бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып, жаңа мазмұнмен толықтыру қажеттігін айтты.

Осы орайда «Жастар жылы» бағдарламасына сәйкес колледж оқытушыларына жас мамандарды қабылдап, кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік беру үстіндеміз. Келесі оқу жылында да мамандық иелері қатарын біріңғай жас оқытушылармен толықтыру жоспарда бар. Елбасымыз айтқандай «Болашақ жастардың қолында». Егер біз оларға мүмкіндік берер болсақ еліміздің дамып, 30 елдің қатарына қосылуға бір адым жақындаймыз деген сенім бар.

Жоғарыда айтып өткендей, 2019 жыл жастар үшін мүмкіндіктерге толы жыл болмақ. Аталмыш бағдарламаға, 1 триллион 700 миллион ақша бөлініп отыр. Бұған жаңа өндірістік кәсіпордар мен жаңа технологиялық білім алу жүйесі кіреді. «Қайнар» колледжінің директоры ретінде Алматы мектептеріндегі 9-сыныптар арасында сайыс ұйымдастырып, 20-дан аса оқушыға колледжде тегін оқуына мүмкіндік жасағалы отырмын.

Жолдауда елдің тыныс тіршілігіне қатысты бірде бір мәселе назардан тыс қалмаған.

Қазіргі таңда жаңартылған білім беру мазмұны бойынша жүргілізіп жатқан оқу үдерісі ұстаздар қауымынан жоғары біліктілікті, жаңашылдықты талап етеді. Осы талаптарды орындауда әрбір педагог өзінің мамандығын шынайы түрде алға ұстап білім алушыларға саналы тәрбие мен сапалы білім беру жүйесінде өз тәжірбиесінде шыңдала түседі және оқуға деген қызығушылықты арттыру үшін аянбай еңбек етеді деп сенемін.

Елбасы бұл Жолдауында ұстаздарға ерекше жігер берді. Сондықтан қойылған мақсаттарды іске асыру үшін колледж оқытушылары жұмыла кірісеміз деп сенім білдіреміз.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!