Мемлекет басшысы «Назарбаев Университеті» дербес білім беру мекемесінің президенті Шигео Катсумен кездесті.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуге Президент Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешев, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, University Medical Center корпоративтік қоры басқармасының төрағасы Жақсыбай Жұмаділов қатысты.
Президентке «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауда айтылған Астанадағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құрылысының тұжырымдамасы ұсынылды.
Денсаулық сақтау министрінің мәліметіне сәйкес, бұл орталықтың құрылысы биыл басталады. Жаңа медицина мекемесінде қатерлі ісік ауруларына диагностика жасап, емдеу үшін озық технология, соның ішінде лазерлік, сәулелік, жасушалық-иммундік терапия және өзге де заманауи әдістер қолданылады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына жолдаудағы жекелеген бағыттарды іске асыруға қатысты Назарбаев Университетінің қазіргі жұмыстары жөнінде баяндалды.
Шигео Катсу Қазақстан Президентіне Инновациялық кластердің жұмыс жоспары мен университеттің ғылыми-зертханалық кешенінің іске қосылуы жөнінде мәлімдеп, Назарбаев зияткерлік мектептерін дамытудың бірқатар мәселесін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді.