Министрлік мектепте ата-аналар комитеті жұмысын тоқтатуға қарсылық білдірді

Осыған дейін мектептерде ата-аналар комитетінің жұмысына тыйым салынуы мүмкін екені айтылған еді.

Көбіне ақшаны ата-аналар комитетіндегілер жинайды. Осы ретте жоба өкілдері Білім және ғылым министрлігіндегілерге ата-аналар комитетіне тыйым салу туралы ұсыныс жасады. Себебі ата-аналар комитетінің қызметі тұрмыстық жемқорлыққа себеп болып жатады, — деген еді осыған дейін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана бойынша департаментінің басшысы Жазира Жылқышиева.

«КТК» телеарнасының мәліметінше, бұл ұсынысты ата-аналардың өздері де қолдайды. Өйткені осы күні әрбір мектепте қамқоршылар кеңесі бар. Ата-аналар комитетінің бүкіл қызметін солар атқарып жүр екен. Мектепке директор тағайындау үшін де кандидат алдымен қамқоршылар кеңесінің келісімін алу керек. Ал ата-аналар комитетінің бар артықшылығы ақша жинау ғана екен.

Шынымен де ата-аналар комитетінің функциясы не? Сол мереке күндері ақша жинау немесе бірдеңе ұйымдастыру, балаларды бір жерге апару. Меніңше, ол комитеттің ешқандай қажеті жоқ. Өйткені қазір әрбір мектепте қамқоршылар кеңесі жұмыс істеп жатыр. Ал ол кеңес ата-аналардан құрылған. Асханасын да, бәрін қадағалайды, — дейді мектеп-лицейлерінің бірінің қамқоршылар кеңесінің төрайымы Әселім Әбілдинова.

ҚР БҒМ тәрбие жұмысы және қосымша білім басқармасының басшысы Назира Әбдірахманова өз кезегінде қандай да бір ақша жинауға тыйым салынғанын айтады.

Қандай да бір ақша жинауға тыйым салынған. Білім туралы заңда солай жазылған. Мектептер қаржылай толық қамтылған. Ал ақша жинау, мүмкін ол ата-аналардың өз ниеті шығар, — дейді Назира Әбдірахманова.

ДереккөзKtk.kz