ҚР БҒМ грантқа іліге алмаған чемпиондар жөнінде түсінік берді

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов Алматыдағы Спорт академиясына грант бойынша оқуға түсе алмай қалған талапкер спортшыларға қатысты түсінік берді.

«Биыл біздегі грант саны дәл былтырғыдай. Бұл ЖОО-ға биыл адам көп түсті ме, аз түсті ме, бұл — басқа мәселе, оны қарау керек. Олар кез келген университетке оқуға түсуге құқылы. Бұл мамандыққа құжат тапсырған адамдар аз емес», — деді Асхат Аймағамбетов.

Вице-министр түрлі марапат пен дәреже иегерлерінің грант бойынша оқуға түсудегі басымдықтарына қатысты ережені еске салды.

«Өткен жылы «Білім туралы» заңға өзгерістер енді. «Алтын белгі» иегерлері, олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауының, спорт жарыстарының жеңімпаздары енді балл саны өзге талапкерлердікімен тең түскен жағдайда ғана басымдықтарға ие болады. Егер екі талапкер де бірдей 115 балл жинаса, осындай басымдыққа ие талапкер грантты иеленеді, басқа жеңілдік жоқ», — деді Аймағамбетов.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік тапсырыс пен грантты бөлудегі басты қағида — талапкердің қанша балл алғаны.

«Біз бұл жағдай әділ деп есептейміз. Заң шеңберінде. Ешкім ештеңе ойлап тапқан жоқ. Бұл талап «Алтын белгі» иегерлері мен ғылыми жобалар байқауы және спорт жарысы жеңімпаздарына да қатысты», — деді вице-министр.

Еске салайық, Алматыда Спорт академиясына грант бойынша оқуға түсе алмаған жас чемпиондар наразылық білдірген еді. Талапкерлер бессайыс спорты бойынша Өзбекстан, Таиланд, Ресей елдерінде өткен халықаралық жарыстардан талай мәрте топ жарған. Ал Спорт академиясының басшылығы білім грантының көбін конкурс бойынша спортқа қатысы жоқ талапкерлер жеңіп алғанын хабарлады.

ДереккөзZakon.kz