Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы бойынша департаменті денсаулық сақтауды қолжетімді әрі сапалы ету және мемлекеттік қызмет беделін нығайту, әсіресе, Алматыдағы мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік кепілдемелер беру жөнінде нақты шаралар қабылдады. Мақсат — Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың 5 қазандағы Жолдауында айтылған міндеттердің екінші бөлімі – тұрмыс сапасын арттыруды іске асыру.
Департамент «Орталық клиникалық аурухана» АҚ-мен (Совмин) мегаполистің мемлекеттік қызметшілеріне медициналық қызмет көрсету жөнінде меморандумға қол қойды. Аурухана басшысы Игорь Крачковский «Орталық клиникалық аурухана» АҚ еліміздегі серпінді емдеу-анықтау технологияларына ие, халықаралық стандарттарға сай медициналық қызметтердің кең спектрін ұсына алатын үздік клиникалардың бірі екенін айтты.
Департамент басшысы Данияр Таумұрат Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметі бүгінде мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын жақсартуға ден қойып отырғанын айтты. Қызметшілердің денсаулығы олардың лауазымдық міндеттемелерді орындау сапасының артуына кепіл болады және мемлекеттік органның өз алдына қойып отырған міндеттерінің орындалу мерзіміне тікелей әсер етеді.
Қол қойылған меморандумға сәйкес, Алматының мемлекеттік қызметшілері Орталық клиникалық ауруханаға белгіленген тәртіп бойынша тіркеле алады. Бұл жерде олар бастапқы медициналық-санитарлық көмек түрінде ұсынылатын амбулаториялық-емханалық көмекті пайдаланады, соның ішінде жыл сайын нақты сала мамандарының көмегімен профилактикалық тексерістен өтеді.
Еске салайық, бұған дейін Үкіметте Президенттің жаңа Жолдауын іске асырудың жалпыұлттық іс-шаралар жоспары мақұлданғанын хабарлаған едік.