Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза 86 жасында дүниеден озды.
Жазушы бүгін шамамен 18.30-да Алматыдағы үйінде ауыр науқастан қайтыс болды. Оның жақындары мен туыстарына министрліктің атынан қайғыра көңіл айтамыз. Жерлеу рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы барады. Шерхан Мұртазаның жаназасын өзі туып-өскен Жамбыл облысының және Алматының әкімдіктері, Жазушылар одағы және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бірге ұйымдастырады. Қосымша ақпаратты тағы да хабарлаймыз, — деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай.
Шерхан Мұртаза 1932 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген. Ол 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Жастық шағында «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінің тілшісі болып қызмет етті.
1963-1970 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінің редакторы қызметінде болды. Одан кейінгі кездері «Жазушы» баспасы мен «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарды.
1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жылдары Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Жазушының әр жылдары жазылған «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», «Ахметжанның анты», «Мылтықсыз майдан» повестері, «41 жылғы келіншек», «Интернат наны» әңгімелері, «Қара маржан», «Жүрекке әжім түспейді», «Не жетпейді?», бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» романдары қазақ прозасының дамуына өлшеусіз үлес болып қосылды.
Еске салайық, жақында Baribar.kz халық жазушысының 86 жасқа толғанын хабарлаған еді.