Фото: Rosvuz.kz

Алматы облысы Талғар ауданындағы Бесқайнар ауылында бұрынғы «Искорка» пионер лагерінің орнында қазір заманауи кешен бар. Оқушылар осы кешен аумағында оқиды, жаттығады және тұрады. Лицей балаларды оқытуды 2011 жылдың қаңтар айынан бастаған. Әскери бөлімшелердегі сияқты лицейдің өз Туы, Гимні, Анты мен Абырой кодексі бар.

Лицейде оқудың қандай артықшылығы бар?

Мұнда оқушыларға қажетті бар жағдай жасалған. Олар қазіргі заманға сай жабдықталған оқу сыныптары, лабораториялар мен дәрісханаларды, бай кітапхана қорын еркін пайдалана алады. 25 метрлік бассейн, заманауи спорт залдары, дыбыс жазу студиясы, интернет қызметі де қоса ұсынылады. Бокс, күрес, зілтемір көтеру, атыс, жүгіру, волейбол, футбол, баскетбол, теннис сияқты спорт секциялары жұмыс істейді. Алғашқы әскери дайындық пәнінен оқушылар бір ай сынақ-тәжірибеден өтеді. ҚР Құрлық әскери күштері әскери институтының оқу орталығында оқу-жаттығу жасайды. Сол жерде әскери машықтарды үйреніп, шыңдалады.

«Арыстанға» кімдер қабылданады?

Мамандандырылған лицейге 14 жасқа толған, жалпы білім беру мекемесінің 8-сыныбын жақсы үлгеріммен тәмамдаған, денсаулығы мығым, кәсіби-психологиялық іріктеу талаптарына сай және дене шынықтырудан дайындығы бар ер балалар қабылданады.

Кімдерге басымдық беріледі?

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға айрықша басымдық пен жеңілдіктер беріледі. Барлық сыннан өтіп, оқуға қабылданған оқушылардың бәрі тегін білім алады. Сонымен қатар оқу кезінде үлгілі тәртібі мен өте жақсы үлгерімімен көзге түскен оқушыларға 10 мың теңге көлемінде шәкіртақы да төленеді.

Іріктеу неше кезеңнен тұрады және қалай өтеді?

Іріктеу үш кезеңнен тұрады. Желтоқсан-қаңтар айларында болатын бірінші кезеңде аймақтарда үгіт-насихат жұмыстары мен тестке дайындық жүргізіледі. 2-кезең сәуір-мамыр айларында өтеді. Мұнда үміткерлер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен және физика, математика пәндерінен тест тапсырады. Әр пәннен 25 тапсырма беріледі. Тапсырмаларды орындауға берілетін уақыт — 120 минут. Одан кейін IQ деңгейіндегі тестілеуден өтіп, эссе жазады. Бұл тестілеу баланың оқуға қабілеттілігін, ойлау жүйесінің динамикасын, интеллектінің қаншалықты дамығанын анықтауға көмектеседі. Ал эсседе болашақ мамандығына деген қызығушылығы туралы жазуы керек. Сонымен қатар талапкерлер психологиялық тест тапсырып, лицей басшылығымен әңгімелеседі. Соңғы кезең тамыздың бірінші аптасында өтеді. Бұл кезеңде норматив бойынша физикалық дайындығы тексеріліп, математика және физика пәндерінен жазбаша емтихан тапсырады. Сонымен қатар шығармашылық қабілеттері мен спорттық жетістіктері бойынша іріктеледі. Үшінші іріктеу кезеңіне келгенге дейін үміткерлер қабылдау комиссиясына тиісті медициналық құжаттарды тапсыру қажет.

Оқушыларды кімдер оқытады?

Лицейдегі жоғары деңгейде білім беру заманауи оқу технологиялары мен жоғары білікті оқытушылар құрамының есебінен қамтамасыз етіледі. Бүгінде лицейде бір ғылым, екі PhD докторы, екі ғылым кандидаты, жоғары санаттағы 10, бірінші санаттағы 11 оқытушы, сонымен қатар жоғары білімді бес әскери маман сабақ береді. Сабақтар орыс тілінде оқытылады.

Түлектер бітірген соң не істейді?

Лицейдің білім көрсеткішін түлектердің бүгінгі жағдайынан байқауға болады. Мысалы, мектепті тәмәмдаған оқушылар қазір әлемнің әр түкпірінде білімін жалғастырып жүр. Лицейдің құрылғанына аз уақыт болса да, АҚШ-та, Түркияда, Қытайда, Ресей мен Беларусьте білім алып жатқан түлектер бар. Сонымен қатар олардың кейбірі білімі мен әскери дайындығын дәлелдеп, Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштердің жоғары әскери оқу орындарында оқып жүр.