ҚР Ұлттық экономика министрінің бұрынғы орынбасары Дана Жүнісова «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ басқарма төрағасы болып сайланды.
ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, индустрияландыру саясатын жүргізу және қолдау құралдарын шоғырландыру мақсатында ҚР Үкіметі индустрияны дамыту, жергілікті қамту және технологиялық даму саласындағы үш ұлттық даму институтының функцияларын «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ базасындағы Бірыңғай өнеркәсіптік даму орталығына біріктіреді. «ҚИДИ» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен Дана Жүнісова жаңа басқарма төрағасы болып сайланды.
Дана Жүнісова Целиноградта дүниеге келген. 2006 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдады. Мамандығы — экономист.
Еңбек жолын «ҚТЖ» ҰК, «Астана-Финанс» АҚ, «2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ және жеке секторда жұмыс істеп бастаған.
2012-2015 жылдары ҚР «Атамекен» ҰКП Тариф қалыптастыру департаменті директорының орынбасары, Экономикалық интеграция департаменті директорының орынбасары, Өнеркәсіптік және инвестициялық саясат департаментінің директоры, Экономикалық интеграция департаментінің басқарушы директоры қызметтерін атқарды.
2016-2018 жылдар аралығында ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары болып еңбек етті. 2018 жылғы сәуірде ҚР Ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалды.
Дана Жүнісова 2018 жылғы қыркүйектен бастап ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі қызметін атқарды. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының «Еуразиялық экономикалық одақты құруға қосқан үлесі үшін» ІІ дәрежелі медалімен, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ҚР Президентінің құрмет грамотасымен марапатталған.
Еске салайық, 2018 жылы 5 қазанда Қазақстан халқына арнаған өзінің жыл сайынғы Жолдауында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға және экспортқа бағытталған индустрияландыруға бағдарланған тиімді өнеркәсіптік саясатты іске асыруға баса көңіл бөлуді тапсырған еді. Индустрияландыру саласындағы ұлттық институттар осы себеппен біріктіріліп отыр.