Басты бетЖаңалықтарҚазақстанның Испаниядағы...

Қазақстанның Испаниядағы елшісіне тағы екі қызмет берілді

Қазақстанның Испания Корольдігіндегі елшісі қосымша дипломатиялық лауазымдарға ие болды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі Константин Васильевич Жигалов Қазақстан Республикасының Андорра Князьдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік турист ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды, — делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін — 26 қыркүйекте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қазақстанның Канададағы төтенше және өкілетті елшісі Ақылбек Камалдинов Қазақстанның Куба Республикасындағы қызметін қоса атқарушы қызметіне және Қазақстанның Мексика Құрама Штаттарындағы төтенше және өкілетті елшісі Андриан Елемесов Қазақстанның Панама Республикасындағы, Коста-Рика Республикасындағы, Доминикан Республикасындағы және Ямайкадағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы қызметіне тағайындалған еді.

Ал бүгін — 8 қазан күні Қытай Халық Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо, Испания Корольдігінің төтенше және өкілетті елшісі Давид Артуро Карриедо Томас, Израиль мемлекетінің төтенше және өкілетті елшісі Лиат Вексельман, Словакия Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Милан Коллар және Еуропа Одағының төтенше және өкілетті елшісі Свен-Олов Карлссон Қазақстан Президентіне сенім грамотасын тапсырды.