Қызыл ірімшік — ұлттық тағамдардың ішіндегі ең дәмділерінің бірі.
Қызыл ірімшік оңай дайындалады. Ашып, өздігінен ұйыған сүтті сарысуынан айырмай, қызып тұрған қазанға құяды. Басқа уақытта кәдуілгі ірімшік сияқты қайнап, ыдырай бастаған ірімшік бөліктерін сүзіп алмай, одан әрі көбірек қайната түсу керек.
Іріп бетіне шыққан ірімшік тоқтамай қайнаған кезде сарысуды өзіне сіңіре бастайды. Суы азая бастаған уақытта қазан астына қарай жабыса қуырылған ірімшікті тоқтатпай араластырып, отын азайтып қуыра бастайсыз. Дәл осы уақытта ірімшікке бал немесе аздап құмшекер қосып араластыру қажет.
Кейбір кезде балмен бірге қуырылған ірімшікке ұн да қосуға болады. Ұн қосқан ірімшіктің басы тезірек бірігіп, домалақтап қалыпқа келтірген кезде де ұнтақталып шашылып кетпейді. Баяу отта қуырылған ірімшік өздігінен кесектеліп, қызыл түске боялады.
Қызарып бірқалыпты кесекке айналған ірімшікті оттан түсіріп, біраз суытқан соң құрт сияқты домалақ қалыпқа келтіруге болады. Кепкен дөңгелек қызыл ірімшіктерді ақ ірімшікке салып аунатып, тәттілермен бірге дастарқанға тартады. Қызыл ірімшік — жарты сағат ішінде әзірленетін тағам. Қызыл ірімшікті бала кезімізде әжелеріміз Наурыз мейрамы қарсаңында жиі дайындаған.
Ірімшікті қызарта отырып қайнату, оның пайдасын асырып қана қоймай, көзге тартымды ете түседі, — дейді 84 жастағы Қаншайым Ілиясқызы.
Халық ауыз әдебиетінде қызыл ірімшік туралы сөз болғанда оны қатты құртқа ұқсайтын ас деп көрсетеді. Бұл оның уақыт өте кеуіп, қатуына байланысты екені даусыз. Егер қызыл ірімшікке бал, ұн қоспаса, оның құртқа ұқсап кетуі де заңдылық.
Бірегей астың кәдуілгі ірімшіктен айырмашылығы — оның сарысуынан айырылмай, бірге қайнап, сарысудың пайдасын өз бойына сіңіруі. Сүт тағамдары кальций, фосфорға бай екенін ескерсек, қызыл ірімшіктің құрамында осы пайдалы қоспалар екі еселеп кездеседі.
Бүгінде қызыл ірімшікті дайындайтын бірен-саран болар. Дегенмен бүгінде бұл жеңсік асты іздеушілер жетерлік. Сол себепті кейінгі кездері дайындалу жолын жазып, қалай жасалатынын білгісі келетіндердің қатары жоқ емес.