Абай Құнанбайұлы 28-ші қара сөзінде Алла Тағаланың мына сөзін келтіреді: «Әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз». Ақын мұнда адам ақылымен Жаратушыны танығанда ғана иманға ие болатынын, содан кейін ғана құлшылығын түзейтінін меңзейді. Байқасақ, Абай Құнанбайұлы барлық шығармасында құлшылық мәселесіне осы тұрғыдан қараған.
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде ол қазаққа әуелі Алланы, одан кейін адамзатты және әділетті сүй деп жөн көрсетеді. «Осы үш сүю болады имани гүл» деп, яғни діннің негізгі тірегі осылар екенін айтып барып, ғибадат жайлы сөз қозғайды.
Өлең жолдарындағы «руза» парсы тілінен аударғанда дәстүрлі діндегі бес парыздың бірі — «ораза» деген мағынаны білдіреді. Қазақтың бас ақыны оқушысына «жақсы болсаң, исламның парыздарын — ораза, намаз, зекет пен қажылықты орында» деп кеңес айтады. Одан кейінгі жолдарда:
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті
Қылғанменен татымды бермес жеміс, — дейді. Қазақ ойшылы мұнымен халыққа әуелі Алланы, адамды, әділетті сүймей тұрып, қылған ғибадаттардың «татымды жеміс» болмайтынын ескертеді.
Абай шығармашылығында халыққа уағыз айтудан гөрі, оның амалын сынап, білімсіздікпен жасайтын әрекеттерін ашып береді.
Осыған қатысты филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәләлұлының мына сөздерін мысалға келтірсек болады: «Құдайға құлшылық қылғанның жөні осы екен деп, ораза, намаздан босамайтын, бірақ рухани тұрғыдан кемелденіп, санасы бір елі де өспеген пенделер екі ойшыл (Абай мен Шәкәрім) өмір сүрген заманда аз болмаған, қазір де жетіп артылады. Олардың Алланың нұсқаған жолын танымай, соқыр сенімге бой ұрғанын көріп Абай мен Шәкәрім талай ашынған, ашына отырып, «ащы тілмен емдеген».
Әйгілі Мұхтар Әуезов те «Абай діні – сыншыл ақылдың шартты діні» деп баға береді. Абайдың қазақтың діншілдігін сынайтыны сол — ғылымсыз, білімсіз еткен әрекеті. Ол Алланы, оның ғылымын танымай тұрып жасаған амал, ғибадаттың, «нәпіл түгіл намаздың бәрі желге кететінін» айтады. Сонымен қатар «ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ» деген идеяны алға тартады.
Әл-Фараби мен Абайды қатар зерттеген ғалым Ақжан әл-Машани айтады: «Абайды жақсы білетін бір қарттың айтқаны бар: «Абай сынына толмаған сөзді аузына алмайды». Басқаша айтқанда, Абайдың аузына алған әрбір сөзінің арғы жағында терең де күрделі мағына жатыр.
Ғалымдардың мәжілісінің ішінде болу мың ракағат намаздан, ауырған мың адамның көңілін сұраудан және мың жаназаға қатысудан артық. (Хадис)
Материалды Алматы дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындады.