Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев...

Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысы мен Шымкенттің даму жоспарымен танысты

Мемлекет басшысы Халыққа қызмет көрсету орталығы, Жұмыспен қамту орталығы, Көші-қон қызметі және Азаматтардың хал актілерін жазу бөлімі (АХАЖ) орналасқан әлеуметтік қызмет көрсету орталығын аралады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Орталық қала тұрғындарымен қатар шетелдік инвесторлар үшін цифрлық форматта мемлекеттік қызмет көрсетуге бағытталған.

Әкім Президентке экономиканың түрлі секторын, соның ішінде агроөнеркәсіп кешені, білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау, көлік және қауіпсіздік салаларын цифрландыру жобаларының қаншалықты іске асқаны туралы баяндады.

Баяндаманы тыңдаған соң Нұрсұлтан Назарбаев халыққа мемлекеттік қызмет көрсету ісінің сапасын арттыру және жеделдету үшін цифрландыру бағдарламасын жүзеге асырудың маңызды екенін ерекше айтты.

Шымкент ірі мегаполиске айналады. Мұнда жаңа жобалар іске асырылып жатыр. Шымкенттіктердің еңбекқорлығы – қаланы дамытудың кепілі. Жұмыстың ең маңызды бағыты — шағын және орта бизнес. Оны дамыту үшін тиісті қолдау көрсету қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кейін ол мегаполистің тұрғын үй құрылысының және әлеуметтік инфрақұрылымының жоспарымен танысты.

түркістан
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы оңтүстікке сапарында Түркістанның жаңа әкімшілік орталығының аумағын аралап, мемориалды тас қалау рәсіміне қатысып, қаланың даму перспективалары туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың баяндамасын тыңдады.