Басты бетЖаңалықтарҚызылорданың 200...

Қызылорданың 200 жылдығы тойланды

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Мемлекеттік хатшы Қызылорданың 200 жылдығына арналған мерекелік іс-шараларға қатысты.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Гүлшара Әбдіқалықова Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың салтанатты іс-шараға қатысушыларға арналған құттықтауын оқып берді. Онда Қызылорда өңірі ежелден қазақ ұлтының ұйысқан ордасы болғаны, бүгін де сол мәнін сақтап отырғаны айтылған. Қобыз атасы – Қорқыт бабамызға топырақ осы даладан бұйырды. Бұл жерде қазақ жыршылық өнерінің мектебі қалыптасты. Сырдарияның жағасында жоғары дамыған қалалардың пайда болуы кездейсоқ емес. Еліміздің тұңғыш мәдени-ағарту орталығы болған Қызылорда облысы бүгінде Қазақстанның дамыған өңірлерінің біріне айналды. Қазіргі Қызылорда — Тәуелсіздіктің және бірліктің символы.

Қазақстанда еліміздің Үшінші жаңғыруы ауқымды түрде жүзеге асырылып жатыр. Оның маңызды басымдықтарының бірі — «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында Smartcity тұжырымдамасы әзірленді.  Мұнда «ақылды» және өмір сүруге ыңғайлы қала қалыптастыруды көздейтін негізгі бағыттар, жобалар мен шешімдер қамтылған. Биыл Қызылорда облысы ақылды басқару тәжірибесі сыннан өтетін аймақ болып белгіленді. Осы мақсатпен 33 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Жұмыс сапары барысында Мемлекеттік хатшы бірқатар әлеуметтік нысанның жұмысымен танысты. Гүлшара Әбдіқалықова «Рухани жаңғыру» облыстық орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, сонымен бірге Әбділда Тәжібаев атындағы кітапхананың IT-паркін, Назарбаев зияткерлік мектебін,  Достық үйін аралап көрді.

Мерекелік іс-шарадан соң еліміздің белгілі әртістері мен жетекші өнер ұжымдарының қатысуымен үлкен гала-концерт өтті.