Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев...

Нұрсұлтан Назарбаев ТМД елдері арасындағы сауда кедергілерін жоюды ұсынды

Нұрсұлтан Назарбаев Душанбеде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыста Мемлекет басшысы ТМД аясындағы қарым-қатынастарды нығайтып, дамыту үшін атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев ұйымды реформалау және Достастықтың тұжырымдамалық құжаттарын жаңарту жолында қолға алынып жатқан шаралардың тиімділігін атап өтті.

Қазақстан Президенті мемлекетаралық қатынастарды одан әрі тереңдетуге септігін тигізетін бірқатар перспективті бағыттарға назар аударды.

Атап айтқанда, ол ТМД-ның экономикалық негізін нығайту және елдер арасындағы сауда кедергілерін жоюға бағытталған шаралар қабылдау қажет екені туралы айтты.

Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту және ТМД-ға мүше елдердің көлік-транзит әлеуетін пайдалану жөніндегі мәселелерге тоқталды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев ғылыми-ғарыш, цифрландыру және туризм салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселесіне назар аударды.

Мемлекет басшысы Қазақстанда құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығының ерекшеліктері жөнінде әңгімелеп, ТМД-ға мүше елдердің бәрін Қаржы орталығының жұмысына белсенді атсалысуға шақырды.