Алматы мұғалімдері православ және католик діни ғимараттарын аралап көрді

Алматыда «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдері кәсіби біліктілікті арттыру курсы аясында Никольский соборына және Рим-католиктердің Қасиетті Үштік шіркеуіне экскурсия жасады.

Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының тапсырмасымен ұйымдастырылған экскурсияда тарих пәнінің мұғалімдері христиан дінінің тарихынан бастап, шіркеу ішіндегі бұйымдарымен танысты. Курс тәлімгерлері бірінші болып православ христиандарының Никольский соборына барды. Оларды шіркеу қызметкері Олег Насымов қарсы алып, 1904 жылы негізі қаланған діни ғимараттың тарихымен және осы діннің негізгі ұстанымдарымен таныстырды. Сонымен қатар шіркеудегі шамның не үшін жағылатыны, бұл діннің Қазақстанда қаншалықты роль атқаратыны түсіндірілді.

шіркеу
Фото: Алматы ішкі саясат басқармасы “Мониторинг және талдау” орталығы

Біз енді ислам дінін ұстанғандықтан өзге діндерде көп шаруамыз бола бермейді. Сондықтан осы экскурсия арқылы шіркеулерге кіріп көріп, тарихын, еліміздегі атқаратын ролін, жалпы Қазақстанда қанша шіркеу барын және тағы басқа қызық ақпарат естідім, — дейді Дүйсен Бабаев атындағы №115 жалпы білім беретін мектептің тарих пәні мұғалімі Перизат Терекбаева.

Қазақстанда христиан дінінің православ бағыты ғана емес, католиктер мен протестанттар да бар.

экскурсия шіркеу
Фото: Алматы ішкі саясат басқармасы “Мониторинг және талдау” орталығы

Сондықтан біліктілікті арттыру курсына қатысушылар католик және протестант шіркеулері туралы дәріс тыңдағаннан кейін Рим-католиктер шіркеуіне экскурсия жасады. Онда курс қатысушыларын приход қызметкері Вильям қарсы алып, ғимаратпен таныстырды.

Экскурсияға қатысушылар діни ғимараттар туралы танымдарын кеңейткенін айтты. Айта кетейік, 17 қыркүйекте басталған біліктілікті арттыру курсын Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының қаржыландыруымен ішкі саясат басқармасының “Мониторинг және талдау” орталығы ұйымдастырды.