Басты бетЖаңалықтарАстанада Президент...

Астанада Президент тапсырмасы бойынша әмбебап базар салынып жатыр

Астананың Байқоңыр ауданы әкімдігі аппараты мен Ganador Group ЖШС арасында өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды.

Аудан әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл келісім елордада сауда қызметін одан әрі дамытуға жағдай жасайды.

Тараптар Мемлекет басшысының бейберекет сауда орындарын реттеу туралы тапсырмасы мен ҚР Үкіметінің 2016 жылдың 25 ақпанындағы №111 «Сауда базарлары қызметін ұйымдастыру ережесін бекіту туралы» қаулысын іске асыру аясында кездесті.

Ganador Group ЖШС жалпы ауданы 62 000 шаршы метр болатын «Стационарлық әмбебап базар құрылысы» жобасын іске асырып жатыр. DOSTYQ Market әмбебап базарының құрылысы Астананың сауда-өнеркәсіп бөлігі ретінде қалыптасқан, Алаш тасжолына жанасып жатқан аумақта салынады. Жобаның негізгі мақсаты — базарлардың жұмысын заманауи талаптарға сәйкестендіру, санитарлық, өрт қауіпсіздігі мен басқа да жағдайларға сай болуын қамтамасыз ету.

Стационарлық әмбебап базарда азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар сатылады. Нысан тауардың барлық түрін сақтау мен сатуға қажетті әкімшілік-тұрмыстық бөлмелермен және қоймалармен қамтылады.

Байқоңыр ауданы әкімінің аппараты, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ және Pulsar Systems ЖШС арасында өзара ынтымақтастық туралы тағы бір меморандумға қол қойылған. Соған сәйкес «Ақылды аудан» жобасы аясында №27 мектеп-лицейінде оқушының саусақ баспасы немесе бет әлпетін сканерлейтін биометрлік параметрлеріне негізделген жеке басын сәйкестендіру бойынша пилоттық жобасы іске қосылады. Бұл оқу орны аудандағы ең үлкен мектеп болғандықтан жобаны іске асыру үшін осы мектеп таңдалды. Бұл жобалардың бәрі өтеусіз негізде жүзеге асырылады.