Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы барлау қызметінің директорын тағайындады

Исатай Сартаев Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің директоры болып тағайындалды.

Исатай Бақтиярұлы Сартаев Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің директоры болып тағайындалсын, — делінген Мемлекет басшысының жарлығында.

Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысының өкімімен Нұрлан Оразов ҚР «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі директорының бірінші орынбасары болып тағайындалды, ол «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі директорының орынбасары қызметінен босатылды.

Мемлекет басшысының өкімімен Исатай Сартаев ҚР «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі директорының бірінші орынбасары қызметінен босатылды.

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің жаңадан тағайындалған басшылық құрамымен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысы барлау қызметінің ұжымына жаңа директор Исатай Сартаев пен оның бірінші орынбасары Нұрлан Оразовты таныстырды.

Сырбар Исатай Сартаев
Фото: Аkorda.kz

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Исатай Сартаев ант қабылдады. Кездесу соңында Президент жаңа басшылыққа Сыртқы барлау қызметі жұмысының негізгі басымдықтары туралы айтып, бірқатар нақты тапсырма берді.

Еске салайық, 19 қыркүйек күні «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің бұрынғы басшысы Ғабит Байжанов ҚР Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындалған еді. Сол күні Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі директорының бірінші орынбасары Исатай Сартаевқа директордың міндетін уақытша атқару жүктелді. Мемлекет басшысының өкімімен Жанат Шаймерденов «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі директорының орынбасары болып тағайындалып, Күзембек Әденов басқа жұмысқа ауысуына байланысты  «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі директорының орынбасары қызметінен босатылды.