Ескендір Хасанғалиев. Фото: Gakku.kz

«Атамекен» әні

Патриоттық ән дегенде ең бірінші кезекте әнші, композитор Қазақстанның халық артисі Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні еске түсетіні анық. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін жатқа білетін осы бір әнді ел арасында екінші әнұранға балап жататындарды да жиі естиміз. Бұл — елдің әнге деген ыстық ықыласының көрінісі. Халық жүрегінің төрінен орын алған осы бір өміршең ән 1970 жылы жазылған болатын. Гастрольмен шетелдерде жүрген Ескендір Хасанғалиев елін сағынып, отанға деген махаббатын әнмен жеткізгісі келіп, «Атамекен» әнін жазуды ұйғарады. Композитордың ұзақ тебіренісінен соң әннің әуені дүниеге келеді. Кейін әннің сөзін жазуды Ескендір Хасанғалиев ақын Қадыр Мырза Әліге тапсырады. Әннің сөзі дайын болған соң композитор Республика сарайында өткен үлкен концертте оны елге таныстырды.

Алмас Ахметбекұлы
Алмас Ахметбекұлы. Фото: Qamshy.kz

«Көк тудың желбірегені» әні

«Көк тудың желбірегені — жаныма қуат береді!» Әнді алғаш естігенде делебесі қозбаған қазақ болмаған шығар, сірә? Бұл — eліміз егемендігін алып, туын тіктеп, шартарапқа шашылған қандастарымыз отанына оралып жатқан кезде, 2000 жылы жазылған өлең.

Әннің өмірге келуіне себеп шекаралық аймақтағы шатыр үстінде тұрған ту екенін бірі білсе, бірі білмес.

Елге оралып келе жатқан кезім еді, «Қорғас» шекара бекетінде желбіреп тұрған көкбайрағымызды тұңғыш рет көрдім. Шағын шатырлы үйді үстінде тұрған көк туымыз құдды бір өз тілінде дыстап тұрғандай әсер қалдырды, — дейді ақын Алмас Ахметбекұлы.

Сол кезде  тебіренген ақынның ойына өлеңнің мына жолдары келеді:

Көк тудың желбірегені,

Бақыттың елжірегені.

Қиырда қалған қазақтың,

Көзінің мөлдіргені…

Кейін Алматыға келген соң өлеңнің қалған шумақтарын жазады. Әннің авторы — Ермұрат Зейіпхан. Ән көпшілікке әнші Ибрагим Ескендірдің орындауында танылды.

 «Мен қазақпын» әні

Биыл 7 мамырда «Отар» әскери базасында өткен жауынгерлік парадта 3000 сарбаздың бір мезетте шырқаған «Мен қазақпын» әні отандастарымызды таңқалдырғаны анық. Сарбаздардың ән орындағаны түсірілген видео сол күні-ақ әлеуметтік желілерде кең тарап, желі қолданушыларының қызу талқысына түскен еді.

Жарыққа шыққанына көп бола қоймаған әнді сарбаздардың парадта орындауы туындының одан сайын кең танылуына себеп болды. Әнші Қуандық Рахымның репертуарындағы бұл әннің сөзін ақын Нұржан Өмірбай жазған, композиторы — Жарасхан Төлеубай.

Нұржан Өмірбай
Нұржан Өмірбай. Фото: Zhasatyrau.kz

Ең алдымен, бұл өлең — елге деген махабаттан туған дүние. Негізі «Мен Қазақпын» деп аталатын өлеңдер көп. Бірақ солардың ішінде шоқтығы биігі — Жұбан Молдағалиев атамыздың «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп басталған өлеңі. Менің жазған бұл туындым да атамыздың шекпенінен шыққан. Десек те, мен осы жолы «Қазақ болып тумағанда, не етер ем» деп, басқа бір қырынан қарап көргім келді. Ойлап қарасам, егер біз қазақ болып тумағанда біраз құндылығымыздан айырылып қалған болар едік деген ой келді. Орайы келіп тұрған соң ба — сөзін жазу қиынға соқпады. Қазір әлеуметтік желіге кірсең болды, бір қазақ сүрінсе, соны жерден алып жерге салып, жетер жеріне жеткіземіз. Ал, керісінше, біреуі жетістікке жетіп, жеңіп жатса, оған бұлай шуламаймыз. Соның өзінде де, сол жанның қатесін тауып, мінін көрсеткіміз келіп тұратыны бар. «Мен қазақпын» өлеңі әлеуметтік желілердегі олқылықтарға күрес ретінде шыққан туындым болатын, — дейді ақын Нұржан Өмірбай.

Сөз етіп отырған әніміз бүгінде жастармыздың түрлі жарыс-байқауда орындайтын, спортшылармыздың шаршы алаңға шығар тұстағы жігерлендіретін әніне айналған.

Төлеужан Ғұмаров. Фото: Кultura.zhetisu.gov.kz

«Алға, жас ұлан» әні

«Алға, жас ұлан» — Алматы облысында орналасқан жоғарғы және орта әскери оқу орындарындағы курсанттардың ұранына айналған ән. 2010 жылы ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Елім менің» республикалық патриоттық ән байқауында «Алға, жас ұлан» туындысы бірінші орын алды және осы әнмен «Ұлан» балалар вокалдық тобы Түркияда өткен халықаралық ән байқауында топ жарып, жүлдегер атанған.Әні мен сөзін, ақын, композитор Төлеужан Ғұмаров жазған. Автор әннің жарықққа шығуына әскери бөлімшелердің біріндегі саптық жүрісте кетіп бара жатқан сарбаздардың әні себеп болғанын айтады.

Ән 2009 жылы дүниеге келді. Алматыдағы әскери академияда сабақ беретін Қанатбек Солтанов есімді досым бар. Бірде ол іс сапармен Талдықорған маңындағы әскер бөлімшелерді аралап көретін болды. Тапсырма солай. Мен оны көлікпен қамтамасыз етуім керек. Ертеңінде Талдықорғаннан шығаберістегі оң жағында орналасқан әскер бөлімшелерді аралауды бастадық. Ол жұмысы бойынша басшыларымен сөйлесіп, тексеру жүргізіп жатыр еді. Мен даладағы әскери өмірді көріп таңырқап жүрмін. Бір сәтте сап түзеген әскерлер елге кеңінен таралған «Не жаздым мен, жаным, саған» деген махаббат туралы әнді шырқап, саппен келеді. Өнер адамы болғаннан кейін осы көрініс маған тұрпайы көрінді. Сол мезетте «Бас, бас қадам, бас қадам. Алға, жас ұлан!» деген өлеңнің алғашқы жолы аузыма орала кетті. Міне, осылай бұл ән сол төбе басындағы әскер бөлімшеде өмірге келген болатын, — дейді ақын, композитор Төлеужан Ғұмаров.

Ақын-композиторларымыздың қаламынан шығып жатқан әскери-патриоттық тақырыптағы шығармалар аз емес, бүгін тек елге кеңінен танымал әндер тарихына тоқталдық.