Елордадағы «Қазмедиа» орталығында Astana Media Week қазақстандық медиаапталығы басталды. Үш күнге созылатын айтулы шараның басты тақырыбы — Digital media.
Апталықты ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ашты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық медиа саласын дамытуға әрдайым айрықша көңіл бөліп отырады. Осымен екінші рет өтіп отырған Astana Media Week елімізде ғана емес, аймақта да медиа нарықты қалыптастыруға және одан ары дамытуға серпін береді деп сенемін. Өйткені елордамыздың төрінде қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен бөлек, шетелдік әріптестер де өз ойларын ортаға салады. Бұл шараның негізгі мақсаты — отандық медианарықты жан-жақты дамыту ғана емес, мәдени және ақпараттық байланыстарды да тереңдету. Байланысы мықты мемлекеттің қорғанысы да қуатты, — деді Дәурен Абаев апталықтың салтанатты ашылу рәсімінде.
Министрдің айтуынша, Astana Media Week-ке қатысуға ниет білдіретін мемлекеттер саны артып келеді. Себебі, бұқаралық коммуникациялар қоғамдық дамудың басты компоненті саналады. Ал осы саладағы мамандардың жұмысы ақпараттық ландшафтты өзгертіп қана қоймай, саясаттан бастап ауал шаруашылығына дейінгі барлық салаға серпін беріп отырады.
Осы орайда өзекті мәселелерді дер кезінде талқылап, алдағы жұмыс жоспарын пысықтап отырған жөн. Сол себепті Astana Media Week-ке журналистер ғана емес, сарапшылар, PR мамандар және шетелдік қонақтар да шақырылып отыр. Барлығы 2 мыңнан астам адам бар. Мәселен, осыдан бір жыл бұрын Astana Media Week аясында алғаш рет продакшн компаниялар үшін контент-маркет ұйымдастырылды. Соның арқасында республикалық арналар жаңа әріптес тапты. Осы жолғы контент маркетке 18 республикалық және аймақтық арнаның өнімдері шығарылады. Оған Беларусь, Түркия, Ресей мен Өзбекстан өкілдері қатысады. Сондықтан да бұл апталықтың қатысушылар үшін озық тәжірибелермен танысып, пікір алмасып, шығармашылық шеберліктерін шыңдауға, жаңа теxнологияларды ел игілігіне жаратуға берілген үлкен мүмкіндік екенін ескерейік. Жиынның табысты өтуіне тілектеспін, — деді министр.
Жиынға 2 мыңнан астам қонақ келеді. Олардың арасында Қазақстан мен шетелдердегі медиаиндустрияның 60-қа жуық топ-менеджері, 50-ден астам продакшн-компанияның өкілдері бар. Медиаапталық «Контент-маркет» көрмесімен ашылады.
26 қыркүйек күні республикалық және өңірлік телеарналардың, еліміздің барлық өңірінен келетін продакшн-компаниялардың, жетекші вендинг компанияларының өкілдері бас қосады. Жаңа телебағдарламалардың, реалити-шоулардың, мультфильмдердің, көркем фильмдер мен деректі фильмдердің тұсаукесері ретінде питчинг жүргізілмек.
Онда продакшн-студияларға инвесторларды тарту мақсатында өздерінің айрықша бейнеконтенттерін ұсынуға мүмкіндік туып отыр. Сонымен қатар медиаапталықтың бірінші күні Media Talks пікірталас алаңы жұмыс істейді, оған әртүрлі қызмет саласының жетекші мамандары қатысады. Ток-шоу форматында «Болашақтағы кәсіптер» талқыланады. Ал ертең «Өңірлік БАҚ форумы» өткізіледі.
Онда медиа саласының беделді сарапшылары цифрлық БАҚ трансформациясы сауалдарын, контент нарығы, өндірісі мен дистрибуциясы қандай болатынын, Қазақстанда медиасауаттылық пен медиабілімнің даму мәселерін және болашағын, әрі отандық масс-медиа қызметіне қатысты заңнама саласындағы реформаларды талқыламақ.
27 және 28 қыркүйек күндері «Өңірлік БАҚ альянсы» орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың баспасөз хатшылары, баспасөз қызметтерінің мамандары мен өңірлік БАҚ тілшілері үшін семинарлар мен тренингтер ұйымдастырады. AMW аясында үшінші күні, сондай-ақ ASTANA DIGITAL FORUM өтеді. Онда беделді сарапшылар 2018 жылғы Digital-маркетинг трендтерін талқылап, цифрлық экономикада өз орнынды табу, цифрлық ресурстарды пайдалану мәселелерін қарастырады.
Апталықтың жабылу салтанатында Қазақстандағы үздік баспасөз қызметі анықталады. 2017 жылдың 4-6 қазанында Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстан телевидениесі тарихында тұңғыш рет халықаралық Astana Media Week контент-алаңын ұйымдастырған еді. Оған Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Беларусь елінен келген 2 мыңға жуық қонақ қатысты.