Елдіктің қуаты бірлікте. Бұл Қазақстандықтар үшін абстрактілі, жалпылама міндет емес, елімізде баянды бірлігімізді күйттейтін, оны жоспарлы түрде жүзеге асырып отыратын Қазақстан Халықтарының Ассамбелясы сияқты институт бар.

Президентіміздің Жолдаулар аясындағы биылғы жұмыстары да қауырт басталды. Сәуірдің 28-і астанамыздың тұғыры биік Бейбітшілік және келісім сарайында Президентіміз, Қазақстан Халықтарының Ассамбелясы төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мұрындық болуымен Қазақстан халқы ассамблеясының отырысы болды.

Бұл жолғы отырыстың басты тақырыбы «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» болып, Елбасы қоғамдық келісімнің әлеуметтік ахуалға тікелей қатысты екенін нықтап көрсетті.

ҚХА-ның бұл жолғы XXVI отырысы соңғы кезде қоғамымызда қызу талқыланып жатқан «Президенттің бес бастамасына» арналды. Оның себебі де белгілі. Себебі әлеуметтік жаңғыру жұмыстары бейбітшілік пен тұрақтылықтың әбден орнығуымен, оған жауапты ұйымдар мен азаматтардың ортақ істе тізе қоспауымен жүзеге асуы тіпті мүмкін емес.

«Президентіміз, бес бастаманың халықтың әл-ауқатын жаңа деңгейге көтерумен қоса, қазақстандықтардың өзара келісім мен гармонияда болуына да септігі тиетінін атап өтті. Бұл бастамалардың сәтті іске асуы қатардағы азаматтардың мемлекетке, сонымен бірге өзара сенімге қосатын үлесі зор» — деді Елбасы.

Мемлекет басшысы атап өткендей, азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мұндай бағдарлама бұрын-соңды болмаған. Тәуелсіздігіміздің бастауындағы қиын-қыстау кезеңдерде өзара тату бола алмай, құты қашқан, кейде ақыры ыдырап тынған елдердің барына да назар аударды. Ендеше жалғыз дұрыс шешім — ауызбіршілікті таңдаған біздер берекеміз мен ырысымызды молайта түсіп, нық қадам жасап келеміз деді Президент. Елбасы сонымен бірге әлеуметтік интеграцияны оңтайлы пайдаланып, біртұтастығымызды әрі қарай да шыңдай түсетінімізге сенім білдірді.

Бүгіндері әлемдегі қабырғасы берік мемлекеттер шынымен, декларативті түрде унитарлы, және ішкі саяси-әлеуметтік ахуалы да тұрақты елдер болып отыр. Жаһандық дамудың жаңа парадинмалары кезінде мемлекеттегі барлық ұлттар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға қабілетті болуы тиіс. Қазақстан дәл осы модельді таңдап отыр. Елімізде қоғамдық келісім мен бейбітшілікті нығайта түсетін адресті бағдарламалар да көп. Солардың бастысы — соңғы уақытта қоғамның назарын аударып отырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Халқымыздың тұрақтылыққа деген ұмтылысын тарихи призма арқылы да бекіте түсу Президентіміздің табысты стратегиясы деуге болады. Бұл орайда Елбасы «біртұтас ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды қадам» ретінде — әлеуметтік ауызбіршілікті ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы өз баяндамасы аясында мемлекетіміз жүріп өткен саяси-әдістемелік жолдардың қандай болғанын шолып шықты. Мысалы, Қазақстан сыртқы экономикалық, саяси ахуалдарға қарамастан, жаңа бес жобаны қолға алып отыр. Бес бастама арқылы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруда тек ізгі ниетті басшылыққа алып отырғанымызды атап өтті Президент. Осыған орай әлеуметтік бес бастаманың нақты себептері жарияланды. Бұл жерде біз беймаза әлемдегі Қазақстанның орнын айқын көреміз.

Алғашқы себеп — әлемдегі геосаяси сеңжүрістің салдарынан қалыптасып отырған ахуал. 2010 жылдан кейін орын алған әлемдік үлкен оқиғалар экономикалық ахуалдан гөрі, аймақтық және әлемдік гегемондардың басқа мемлекеттердің ішкі істеріне қол сұғуы болып отыр. Мұндай жағдайда ішкі әлеуметтік келісім мен тұрақтылық әлсіз болса, мемлекеттің күйреуі де ғажап емес. Ендеше қалыптасқан мемлекет тек экономикалық көрсеткіштерге емес, ең алдымен әлеуметтік бірлік пен интеграция негізінде құрылуы мүмкін.

Екінші себеп — бүгінгі әлемде қоғамдағы мәдениет те алдыңғы орынға шығып отыр. Мәдениетке деген көзқарас өзгеріп, оны өздігінен өзі өмір сүретін субстанция деп қарастырмай, қоғамдағы ауызбіршіліктің ұйытқысы деп алу керек. Бұл орайда мемлекеттің байлығы алтын-күміс, мұнай-темір емес — халқының білім мен біліктілік капиталы екені айқын. Ал сол білімді инновациялық технологиялармен, ғылыми жаңалықтармен, өндірісті автоматтандыру және цифрлық экономикамен ұштастыра білу — бүгінгі ғаламдық жарыстың шарты. Ендеше әлеуметтік бастамалардың түптеп келгенде — экономикалық та маңызы бар.

Мемлекет басшысы осы бес әлеуметтік бағдарламаның қазақстандық азаматтардың барлығын қамтып, еліміздің тұтастай алғандағы дамуына үлесі болатынын жеткізді.

«Бағдарлама әсіресе жастар мен аз қамтылған отбасылардың мәселесін шешуге шүйліккен. Ендеше осы мәселе бойынша Қазақстан Халқы Ассамблеясының отырысында пікір алмасуды жөн көремін» — деді Президент.

Қазақстанның ұлттық-әлеметтік саясаты өз кезегінде аузын айға білеген Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымы, басқа да халықаралық институттардан жоғары баға алған болатын. Бұған қоса, жақын және алыс шет елдердің де ішінде бағдарлама қызу қолдау тауып отыр. Мемлекет Басшысы бұл орайда еліміздің тіл саясатын мысалға келдірді. Президенттің айтуынша, кезінде түрлі пікірталас болып, қызу талқыға салынған мемлекеттік тіл саясаты еліміздегі мүдделердің барлығын есепке ала отырып, олардың арасында тепе-теңдік орнатуға көмектескен. Тіл саясатын реттеу мемлекет қалыптастырушы ұлттың мүддесі болса да, оның барлық азшылық топтардың да ықыласынан шығып, керісінше, жалпыұлттық келісімді нығайта түскені рас. Ал бұл әлемдегі қоғамдағы тұрақтылық концепциясымен үндесіп жатыр.

Сонымен бірге, Н.Ә. Назарбаев тарапынан мемлекетіміздегі әлеуметтік саясаттың өзіндік форматы барын да сөз етіп өтті.

  • Бірінші ерекшелігі — әлеуметтік саясатымызда ұлттар мен азаматтардың барлығына қатысты қарарлар бар. Себебі қазақстандықтар үнемі басты заң — Ата Заңымыздың нұсқауларына сүйенуден танған жоқ. Мемлекет басшысы кейін де әлеуметтік-саяси шешімдер шығаруда Ата Заңның басымдыққа ие болатынына сендірді.
  • Екінші ерекшелігі — әлемдегі тенденциялар. Біздер оны жіті бақылап отырмыз. Батыс елдердіндегі мультикультурализм саясаты басында демократиялық принциптерге сай болғанымен, кейін ол саясаттың атүсті жүргізілуі ол елдерді тығырыққа тіреп отыр. Көптеген батыс елдерінде басқа мәдениет өкілдері мен байырғы қоғам өкілдерінің мәдениеті ақыры біте қайнасып кете алмай, қоғамда түрлі шиеленістер болып, әрі қарайғы интеграция бірте-бірте тоқтап қалып жатыр. Президентіміз бұл мәселе бойынша дамыған мемлекеттердің оңтайлы шешім тауып, үлгі болатынына сенім білдірді.
  • Үшінші ерекшелік — әрине, ғаламдық тәжірибе бар, бірақ қазақстандықтар этносаралық қатынастар тұрғысында өзіне тиімді қолайлы шешім табуға тиіс. Қазақстандықтар өз азаматтарын ешқашан қандай да бір белгілері бойынша ерекшелеп қараған емес. Менің саясатым — қоғамның барлық тараптарын біріктіретін ұстаным боп келді деді Н.Ә. Назарбаев. Ол сонымен бірге барлық азаматтар мен этностар сол саясаттан тыс қалмағанын айтты.

«Қазір Қазақстандықтардың ауызбіршілігін одан әрі күшейтетін уақыт. Бұл мәселе бойынша басты ресурс – әлеумет. Бұл – біздің барлығымызға қатысты өмірлік мәні бар сала!», – деді Елбасы.

Баяндама кезінде Мемлекет басшысы әлемді күйзелтіп отырған басты проблемаларды да шолып, талқылады. Проблемалардың негізгі себептері экологиядан бастап, техникалық прогресстің кереғар жақтарына, әлеуметтік саясатқа дейін ұласып жатыр. Оның пайымдауынша, бүкіләлемдік дағдарыс күннен күнге елдердің әлеуметтік қорғау әлеуетін азайтып бара жатыр. Және бұл проблемалардың өз бетінше шешілуі мүмкін емес. Батыл қадамдар мен әбден салмақтанған жедел шаралар қолданылуы керек. Бұл — XXI ғасыр шындығы. Және халықаралық мамандар Швейцарияның Давосында өткізілген экономикалық форумда, кері әсері бар басты үш тенденцияны нақтылап көрсетіп берген болатын. Ол бойынша, адамзаттың жақын арадағы басты проблемалары — экологиялық ахуал, әлеуметтік теңсіздік, сонымен бірге — әл-ауқатқа қарап жіктелу болмақ. Бұл мәселе жөнінде Елбасы өзінің көзқарасын айтып өтті.

«Мамандар жалпыға ортақ игіліктің заманы өтіп келе жатқанын атап отыр. Ендігәрі әркімнің болашағы тек өзінің қолында болмақ. Әлем бойынша экономикалық өсу бәсеңдеп келеді, бұл қосымша мәселелердің себепкері болады. Орта таптың тығырыққа тірелуі тіпті жаһандық алпауыт мемлекеттерде көрініс тауып отыр. Ғаламдық игіліктің елу процентін адамзаттың бір проценті ғана иеленіп отыр», — деді Президент.

Шынымен де, бұл жайсыз көрініс — бүгінгі күннің шындығы. Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикасы бойынша, келесідей келеңсіздіктер тап бүгін орын алып отырған жағдай: қазіргі әлемде — 190 млн-нан астам адам жұмыссыз; күнде 24 мың адам аштықтан көз жұмады; ал адамзаттың 14 проценті — ашаршылықты күнде басынан кешіреді. Бір жағынан, алпауыт елдердің кіші мелмекттерге жасайтын түрлі шектеулері, экономикалық санкциялары; екінші жағынан — елдерді ішінен жеп жатқан экстремистік және террористік әрекеттер ақыр аяғы қарапайым адамды қатты күйзелтіп отыр. Әлем бойынша жұмыссыздық деңгейі 13 процентке жетіп отыр. Бұл Батыс Еуропаның дамыған елдеріндегі халық санына пара-пар. Түрлі геосясаи, экономикалық қитұрқы әрекеттер адамның өзінің болашағына деген сенімін азайтып, пессимистік көңіл-күйдің ұрығын сеуіп жатыр. Осы мәліметтерді келтіре кеткен мемлекет басшысы, мұның түптің-түбінде дамушы елдерді одан әрі қарай күйзелтіп отырғанын, мемлекеттер арасындағы экономикалық та, тұрмыстық та теңсіздіктердің күшейіп, төңкерістерге жол ашып отырғанын атап өтті. Әлем бойынша орын алып отырған аталған ахуалды ескере отырып, Елбасы мемлекетімізде қолға алынып отырған әлеуметтік бағдарламалардың басты қағиадаларына тоқталды.

Бірінші қағида — «Қазақстанның ұлттық байлығы – қоғам игілігі» деген тұжырым. Халқымыздың жерасты байлығы еліміздің Тәуелсіздігіміздің сындарлы жылдарында үлкен септігін тигізгені рас. Қазба байлықтарымыздың арқасында бүгнігі күнге дейін экономикалық өсім, ұлттық қорлардың толықытырылуы жүзеге асып келді. Мысал ретінде — инфраструктурамыздың өркендеп, әлеуметтік ахуалдың тұрақталғанын атап өтуге болады. Тәуелсіздік жылдарында елімізде 12 000 шақырым автомобиль жолдары салынды немесе қайта жөндеуден өтті. Теміржол да екі жарым мың шақырымға ұзарды. Бұл жаңа серпіліс текке кеткен жоқ. Себебі біз осы оң өзгерістердің нәтижесінде еліміздегі адам өмірінің ұзақтығы сияқты объективті көрсеткіштің артып, әлеуметтік қорғауда үлкен жұмыстар атқарылғанын көріп отырмыз.

Халық санының өсімі оң тенденцияға көшкені байқалады. Және бұл өсімге байланысты сұраныстың артуына мемлекетіміз — спорт сарайларын, стадиондар, спорттық нысандар, мектептер мен балабақша салу арқылы толыққанды жауап беріп отыр. Мәдени нысандардың саны да кей тұрғыда 3 есеге дейін артты. Бұл нысандар қазақстандықтардың к.нделікті тұрмысынан көрініс табуда. Ендеше еліміздің қазба байлықтарының халықтың игілігіне жаратылуының айқын да нақты мысалдары көз алдымызда тұр. Президент осы көрсеткіштерді атап өтіп, бұл үрдістің әрі қарай да жалғасын табатынын айтты.

Екінші қағида бойынша, «әлеуметтік капиталға салынатын инвестиция көлемін көбейту» мәселесі қарастырылады. Әлеуметтік капиталды арттыру арқылы болашаққа деген сенімді нығайта алатынымызға сенімдімін деді мемлекет басшысы. Мұның салқын есебі бар екенін, әлеуметтік капиталдың жекелеген азаматтың да, қоғамның да дамуына жетелейтін күш екенін атап көсретті. Президент келтірген деректер бойынша, Қазақстан ЖІӨ-ні еселей түсудің үлкен жолынан өткен, ол о бастағы 600 доллардан — қазір жан басына шаққанда 10 мың долларға дейін жеткен. Осы оң көрсеткішті әлеуметтік әлеуетке салынатын капиталдың басты көзі болады деген Н.Ә. Назарбаев, соңғы өткізілген Дүниежүзілік экономикалық форумда белгілі болған деректерді де келтіре кетті. 2018 жылдың басында Давоста өткізілген форумда елдердің экономикалық ахуалына баға беретін жаңа индикаторлардың енгізілгені аймақтықтылған. Жаңа инклюзивті даму индексі бұрынғы — жалпы ішкі өнім көрсеткішімен бірге қосымша он бір көрсеткішті ескермек. Және жаңа индекстегі басты параметр — халықтың әл-ауқат мөлшері екен.

Елбасы Қазақстанның бұл көрсеткіш бойынша 74 мемлекеттің ішінде 15-інші орын алған. Президент мұның орынды баға беру екенін атай кетті. — Қазақстандықтар еліміздің жетістіктері мен жеке әл-ауқаты арасында тікелей байланыс бар екенін айқын көріп отыр деп сенемін. ХХІ ғасырдың басымен салыстырғанда бүгінгі жағдайымыз – жер мен көктей. Бұл өзгерістер әрқайсымыздың өмірімізде байқалады деп ойлаймын. Біз алдағы уақытта да қазақстандық әр отбасының әл-ауқатын арттыру үшін әлеуметтік капиталды барынша көбейтетін боламыз. Мен үшін адамның өз ісіне және бүкіл елімізге деген жауапкершілік сезінуі, өзін еңбекқор адам ретінде көрсетуі маңызды! – деп түйді мысал аясындағы өз сөзін. «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» деген ұранымыздың осы кезде жаңаша мазмұнға қанық болады деді Елбасы.