Тамызда Қазақстанда сатылған шетел валютасының жалпы сомасы қанша?

2018 жылғы тамызда халық нетто-негізде 343,9 миллиард теңгеге тең сомаға қолма-қол шетел валютасын (АҚШ доллары, Ресей рублі, еуро) сатып алды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық банктің мәліметінше, бұл жазғы айлардағы дәстүрлі маусымдық сұранысты көрсетіп отыр. АҚШ доллары — негізгі сұраныс валютасы: оны сатып алуға шығыстардың негізгі көлемі (71,1%) жұмсалды. Ресей рублі мен еуроның үлестері тиісінше 21,0% және 7,5% болды.

Өткен жылғы тамызбен салыстырғанда қолма-қол шетел валютасын нетто-сатудың
жалпы көлемі 4,5%-ға төмендеді, бұл АҚШ долларына сұраныстың азаюына байланысты болып отыр. Ресей рублін қолма-қол сатып алуға шығыстардың өсуі (2017 жылғы тамызбен салыстырғанда 56,2%-ға) көп жағдайда ұлттық валюталарды сауда қарым-қатынастарында, әсіресе шекара маңындағы облыстарда пайдаланудың жандануына байланысты. Сонымен қатар қолма-қол ресейлік валютаға сұраныстың өсуіне теңгенің рубльге қатысты бағамының нығаюы да себеп. Бағам қаңтар-тамыз аралығында бір рубль үшін 5,77-5,35 теңге аралығында болды, яғни 7,3%-ға нығайды.

Кезеңнен кезеңге еуроға сұраныс (2017 жылғы тамызбен салыстырғанда тамызда сатып алу шығыстарының өсуі 46,6% болды) жылдың жекелеген айларында ұлғая отырып, тұрақсыз болып қалып отыр. Тұтастай алғанда, қолма-қол шетел валютасына сұраныс өткен жылдардың орташа статистикалық деңгейінде тұр және жеке тұлғалардың жеке шығыстарына (шетелге туристік сапарлар, шетелге ақша аударымдары, жинақтарды әртараптандыру) ақы төлеу қажеттілігімен, негізінен сауда қызметін жүргізетін шағын кәсіпкерліктің жекелеген санаттарының қажеттіліктерімен айқындалады, — делінген Ұлттық банктің хабарламасында.