ҚР Парламенті Мәжілісіндегі туристік саланы дамыту мәселелеріне арналған Үкімет сағатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы туристік карта жасау жұмысы туралы айтты.
Ведомство басшысының айтуынша, туризмді дамыту мәселесі қажетті инфрақұрылым құрылысына байланысты болып тұр.
Алматы өңірінде тау шаңғысы туризмін дамытуға бар жағдай жасалған, ол ірі орталық бола алады. Себебі қазір Шымбұлақ бар, Табағанда тау шаңғысы кластері бар. Қасында «Лесная сказка» өзінің шаңғы базасын салып жатыр және, әрине, алыста «Ақбұлақ» бар. Егер біз бірінші кезекте-ақ оларды аспалы жолмен өзара байланыстырсақ, бұл тау шаңғысы инфрақұрылымы болады, — деді министр.
Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, бұдан қысқы демалыс түрлері ғана емес, жаяулар, салт аттылар, велосипедшілер туры сияқты жазғы демалыс түрлері де кең дами түседі.
Қазіргі уақытта жүздеген мың адам жазғы уақытта тау туризмін меңгереді. Бізге ол нысандарды өзара байланыстыру ғана қалады. Сол кезде Шымбұлаққа шығу үшін оған бару қажет болмай қалады, Ақбұлақта отырып, аспалы жолмен Шымбұлаққа жетуге болады. Ары қарай, әрине, бізге аспалы жолды Қаскелең мен Түргенге тарту керек. Бірақ Түргенде, өздеріңіз білесіздер, 1989 жылы француз компаниясы құрылыстың бірінші кезеңін бастады, әрине, Түрген халықаралық инвесторлар назарын ерекше аударады деуге негіз бар, — деді ол.
Министр келер айда ҚР туризм нысандарының 10 топ нысаны таныстырылатынын айтты.
Балқаш, Баянауыл, Имантау-Шалқар курортты аймақтары, Астана және басқа да нысандар бойынша мастер-жоспарлар жасалып жатыр. Қазақстанның ТОП-10 туристік нысаны қазан айында еліміздің тарихындағы тұңғыш туристік инвестициялық форумда және биыл 8-9 қарашада Петропавлда Қазақстан мен Ресей XVI өңіраралық ынтымақтастық форумында таныстырылады, — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы Үкімет сағатында.