«Болашақпен» шетелге кетпестен бұрын қайда оқыдыңыз?

Мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша білім алдым. Университетті 2013 жылы бітірдім. Алайда бағдарламалаушы ретіндегі еңбек жолымды алғаш рет 2011 жылы бастағанмын. Ал 4-курстың басында EY аудиторлық компаниясына жұмысқа тұрдым. Жұмыс істеймін деп соңғы сессиямнан қалып қойғаным бар.

EY-дағы екіжылдық жұмыстан соң «Халық Банкінде» ақпараттық технологиялар аудиті және қауіпсіздігі бойынша аға аудитор болдым. Сол жақта жүргенде 2015 жылы «Болашақпен» шетелде білім алуға кеттім.

АҚШ-та сабақ қалай өтті?

Мен Питтсбургтағы Carnegie Mellon University-де үш семестрден тұратын біржылдық магистрлік бағдарлама бойынша оқыдым. Тамызда кеткеннен қырқүйекте  келдім. Бұл университет — ақпараттық технологиялар бойынша түрлі рейтингте алғашқылардың бірі. Сондықтан болар, таңдауым осы Carnegie Mellon University-ге түсті. Негізі менің бағдарламам электрондық бизнес технологиясына бағытталды. Нақтырақ айтқанда, бизнестің автоматизациясы және бизнес бойынша заманауи ақпараттық технологиялар консалтингі бойынша өтті.

Шынымды айтсам, EY-дағы жұмыстан кейін АҚШ-тағы сабақ демалыс сияқты өтті. Досым екеуіміз бірге түсіп, оқыдық. Бізде оқуға дейін жақсы жұмыс тәжірибе болғандықтан басқа студенттерге қарағанда оқу аса қиын болған жоқ. Ал университет бітіріп, бірден магистрлік оқуға келген студенттерге кітапханада біраз уақыт отырып, күні-түні сабақ оқуға тура келді. Біз үшін тәжірибеміздің арқасында сабақ орындауға күніне тек үш-төрт сағат жеткілікті болатын.

Оқу бағдарламасы практика болғандықтан өте қызық еді. Бір жылда 16 курс өттік. Әр курста белгілі бір компаниядан бізге консалтинг бойынша тапсырма келеді. Оларды орындау үшін бізді бірнеше топқа бөледі. Бұл жұмыстың ең қиын жері — тапсырманы орындауда емес, әр тапсырма сайын жаңа командаға бейімделіп, тіл табысуда. Себебі бір топта бірнеше елден келген, түрлі тәжірибесі бар студенттер жиналып калуы мүмкін. Міне, осындай командаларды менеджменттеудің өзі — бір тапсырма. Сондықтан баға тек тапсырманы қаншалықты жақсы орындағанымызға қарай емес, сонымен қатар командалық жұмыс пен ауызбіршілікке де қойылады. Осы жүйесімен маған бағдарлама бірегей боп көрінді.  Басқа университтерде ондайды көрмедім.

Берік ТТұрсынбек
Берік Тұрсынбек. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Оқудың тағы қандай артықшылықтары болды?

Біріншіден, курсты өткізген профессорлардың көбі — үлкен компаниясы бар миллионерлер. Сондықтан болар, алдында миллиондап ақша жасаудың эксперті отырып, бизнес бастаудың жолдарын айтқанда, оны сөзсіз, ден қойып тыңдайсың.

Мысалы, АТ саласында танымал Java тілін ойлап тапқан Джеймс Гослингтің курстасы, көмекшісі Джефф Эппингер бізге сабақ берді. Сондықтан Java-ны жасауға қатысқан профессордан бұл тілді үйренген әлдеқайда қызығырақ.

Ең әсерлі әрі есте қаларлық курстарымның бірі — кәсіпкерлік жайында. Ол курс Lean жүйесі бойынша өтті. Lean жүйесі дегеніміз — эконом стартап, қажеті жоқ майда-шүйдеге ақша жұмсамай, барынша тез гипотезаларды тесттен өткізу. Шынымен, гипотезаны тексерудің ең жақсы амалы — оны іс-жүзінде сынап, тез ақша табу. Ақша табылса, гипотезаның расталғаны, табылмаса, гипотезаны ауыстырып, келесісін сынақтан өткізесің.

Міне, біз бұл жүйені сабақта пайдаланып көрдік. Әр топқа 100 доллардан беріліп, қалай болса да ақшаны көбейтіп, табыс табу үшін екі апта уақыт беріледі. Ең көп табыс тапқан команда басқалардың ақшасын алады. Ал бастапқы 100 долларды профессорға қайтарып береміз. Бұл — оның инвестициясы. Әулие Валентин күні жақындап қалған кез еді. Біз командамен хендмейд ашықхаттар жасап, 400 доллар таптық. Алайда қарсылас команданың бірі кампуста тамақ сатып, 700 доллар жинап, ұтып кетті. Бұл ойын бізге ақшаны көбейту үшін, алға жылжу үшін жан-жағымыздағы мүмкіндіктерді көруді үйретті. Ал дәл осындай мүмкіндік АҚШ-қа қарағанда Қазақстанда әлдеқайда көп.

Берік Тұрсынбек
Берік Тұрсынбек. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Тағы бір пайдалы курстан ұққаным — табысты бизнесмендердің тәжірибесінен үлгі алу. Жылына 100 миллионнан артық табысы мен жеке компаниясы бар бизнесменді тауып, одан интервью алу керек болды. Бұл өте қызық еді. Ол үшін алдымен айналада қандай бизнесмендер бар, кім көп табыс табатыны білген соң олардың көмекшісіне шығып, байланыс орнатып келісу керек еді. Қуанышыма қарай, америкалықтар — өте ашық адамдар. Үлкен жұмыс атқаратын кәсіпкерлер студентке уақыт таба алмайтын болар деп ойладым. Алайда таңдаған бес адамнан біреуі маған интервью беруге келісті.

Америкалық оқыту жүйесінің қазақстандық жүйеден қандай айырмашылығы бар?

Carnegie Mellon University студентке кредиттік жүйе арқылы курстарды таңдауға мүмкіндік береді. Жоғарыда айтқан 16-сының ішінде базалық және қосымша курстар бар. Мысалы, мен қосымша курсқа құқықтану, Java, кәсіпкерлікті таңдадым. Ең қызығы қосымша курстардың ішінде футбол, гольф, музыкалық аспаптарда ойнау, актерлық шеберлік дәрістері болды. Мұндай қосымшалар университеттің қоғамдық өмірі мен студенттің шығармашылық дамуына зор пайдасын алып келері сөзсіз.

Сабақ өтуде де өзгешелік бар. Профессор тек дәріс оқиды. Ал тапсырманы тексеретін — ассистент-мұғалім. Ол жоғарғы курс студенті немесе профессордың бұрынғы студенттері болуы мүмкін. Сонымен қатар профессор қабылдайтын арнайы сағаттар бар, яғни үй тапсырмасы бойынша түсінбеген сұрақтарыңды барып талқылай аласың. Осыдан-ақ профессорлардың тек студентке баға қоюды емес, білім сіңіртуді мақсат еткенін аңғаруға болады.

Питтсбург қандай қала? Ол жақта өмір сүру сапасы қалай?

Қаланың өзі өте әдемі. Ол бірнеше рет АҚШ-тың өмір сүруге ең қолайлы қалалар тізіміне енді, барлық жағдай жасалған. Қыстың салқындағы болмаса, басқа жағынан Питтсбург шынымен де өмір сүруге өте қолайлы. Бұл қала туралы ұзақ әңгімелей аламын.

Тамақ жағына келетін болсақ, ол жақта ет пен қарақұмық жетіспеді. Жалпы, жергілікті азық-түлік өте құнарсыз көрінетін. Мысалы, тауықты пісірсеген соң резеңке сияқты боп қалатын немесе жұмыртқаны жарасың, ал ол суреттегідей ақуызы аппақ, ал сарыуызы тым сары боп жасанды көрінетін.

Пәтерді біз досым екеуіміз жалдап тұрдық. Баға жағынан Алматыдан үлкен айырмашылығы жоқ. Стипендиямыз күнделікті күнкөрісіміз бен Нью-Йоркке барып қайтуға жетті.

Берік Тұрсынбек
Берік Тұрсынбек. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазір немен айналысасыз?

Университетті бітіріп, досым екеуіміз Алматыға келген соң идея тауып, оны жетілдіру үшін бизнес-инкубаторға қатыстық. Сөйтіп, жүк тасымалдаумен айналысатын сайтпен жұмыс істеп, бір жылдай оның тасымалдау логистикасын дамытуға күш салдық. Бізде аукцион есебін шешудің математикалық тәсілдерін үйреткен профессор болды. Сол сабақтар жұмысымда пайдаға асты. Әдетте сатушы мен тұтынушы немесе тапсырыс беруші мен алушының арасындағы саудада екеуінің біреуіне шарт тиімсіз болады. Міне, осындай жағдайда үлкен нарықта белгілі бір математикалық шарттарға байланысты сатушы мен тұтынушы — екеуі де плюсте бола алады. Профессорымыз АҚШ-тағы логистика үшін логистика құрған еді. Мысалы А нүктесінен Б нүктесіне, Б нүктесінен С нүктесіне жеткізетін жүк бар делік. Сонда тасымалдаушы А-дан Б-ға 10 долларға, Б-дан С-ға 10 долларға жүк тасиды. Бірақ ол бұл екі тапсырысты да алса, әрқайсысын 9 долларға тасиды. Онымен қоса, А-дан Б-ға тапсырыс беруші біреу, ал Б-дан С-ға тапсырыс беруші басқа біреу болуы мүмкін. Біздің құрған жүйе осындай тапсырыстарды ыңғайластырып, екі жаққа да пайдасын тигізуге арналған. Бұл — өте қиын математикалық модель. Профессорымыз оны қомақты сомаға сатып, пайдасын көрді. Әрине, бұл жүйе ТМД елдерінде қолданылмайтындықтан оны Қазақстанда іске асыру біз үшін тиімді болды. Бұл технологияны қолдану үшін алдымен сайтты дамытып, айналым ауқымын кеңейтіп, маркетингпен айналыстық. Біраз табыс тапқанмен экономикалық келіспеушіліктер мен проблемалар болғандықтан жұмысты әзірше тоқтауды ұйғардық. Одан кейін де бірнеше жоба басталған. Кейбіреуі жұмысқа жарады, бірі әлі келіссөздерде, ал кейбіреуі тіпті сәтсіздікке ұшырады.

Дәл қазір біз қызметін бөліп төлеуге мүмкіндік беретін компаниялармен жұмыс істеп жатырмыз. Егер олар банк қызметін пайдаланбаса, оларға қандай клиентке бөліп төлеуге мүмкіндік беруге болатынын және кімге болмайтынын анықтайтын жүйе қажет. Біз бұл тапсырмамен айналысамыз, яғни олардың клиенттің кредиттік рейтингін, төлемдер тарихын тексеретін платформасын құрамыз. Қазір біз бизнес-моделімізді өзгертіп, соңғы түзетулерді енгізіп, логистикалық компанияға арнап автоматтандыру құралын дайындап жатырмыз. Мақсатымыз — компания жұмысын жеңілдету.

Болашақ ІТ-мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?

  1. Университеттің бірдеңе үйреткенін күтпеңіз. Кез келген оқу орны базалық білімді береді. Сондықтан өздігінен онлайн сабақтармен білімді, тәжірибені жетілдіру маман ретінде қалыптасу үшін маңызды.
  2. Міндетті түрде мамандық бойынша университет кезінен жұмыс істеңіз. Төмен жалақы болса да, тек түйіндеме үшін болса да, жұмыс істеп, ақпараттық технологиялардың әр саласында өз күшініңізді сынап, тәжірибе жинаңыз.
  3. Егер шетелде практикадан өтіп, білім алғыңыз келсе, topcoder.com немесе kaggle.com сияқты платформаларда тапсырмаларды орындап, арнайы рейтинг сайысына қатыңыз.
  4. Жалпы шетелде оқуды ұйғарсаңыз, ол жаққа бір-екі жыл жұмыс істеген соң барғаныңыз дұрыс. Сабақты меңгеруде тәжірибенің көмегі зор.