Астанадағы EXPO Конгресс-орталығында Қазақстан машина жасаушыларының VI форумы өтіп жатыр. Шара барасында ҚР Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың форум қатысушыларына арналған құттықтау сөзін оқып берді.
Машина жасау — экономиканың негізгі салаларының бірі. Мемлекет бұл бағыттың орнықты дамуы үшін барынша қолдау көрсетіп келеді. 2017 жылы машина жасау өнімінің көлемі 1 триллион теңгеге жуық болды. Биылғы форумның негізгі идеясы машина жасау саласындағы төртінші өнеркәсіптік революция, жаһандық технологиялық прогрестің қазіргі болмысына сәйкес келеді. Машина жасау ісі қарқынды дамып, жүргізушісі жоқ автокөліктер, роботтандырылған зауыттар және сутегі отынымен жүретін машиналар бүгінде озық елдер үшін үйреншікті құбылысқа айналды, — делінген Елбасының сөзінде.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлем жаңа сандық форматқа көшіп жатқанын, Қазақстан да бұл үдерістен тыс қалмауы керек екенін айтты.
Машина жасау саласын дамытудың 2019-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары форумда талқыланатын маңызды тақырыптардың бірі болмақ. Жаһандық технологиялық үдерістерге сай өндірісте жаңғыртуды көздейтін аталған бағдарламалық құжат саланы дамытудың стратегиялық бағдарын айқындайды. Іс-шара аясында нәтижелі пікірталас болып, осы салада өзекті мәселелерге қатысты нақты ұсыныстар әзірленеді деп сенемін, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Форум «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында өтіп жатыр. Форумда тек машина жасау саласының өзекті мәселелері емес, сонымен қатар барлық өңдеу өнеркәсібінің ірі жүйелі проблемалары талқыланады. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының бірінші бесжылдығын іске асыру жылдарында машина жасау саласы еліміздегі ең қарқынды дамыған салалардың бірі болды. Өндіріс көлемі 2010 жылғы 376 миллиард теңгеден 2014 жылы 870 миллиард теңгеге дейін, яғни 2,3 есе ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібі көлеміндегі отандық машина жасаудың үлесі 9,7%-дан 14,8%-ға дейін өсті. 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша машина жасау өндірісінің көлемі 638,1 миллиард теңгеден асып, өсім 13,8% болды.