Алматыдағы Астана күндері: сатира кеші, футбол матчы, гала-концерт

19-25 қыркүйек аралығында Астана күндері аясында алматылықтарға түрлі мерекелік бағдарлама ұсынылады.

Астананың Алматыдағы күндері аясындағы ең ірі жоба — Қайрат Баекенов пен «Формат» тобының Open-Air жеке концерті болады. Шара 22 қыркүйекте «Астана» қалалық алаңында ашық аспан астында өтеді. Концерт сағат 19:00-де басталады.

Тұрсынбек Қабатовтың сатира кеші 20 қыркүйекте сағат 19.00-де Республика сарайында өтеді. Қазақстандықтардың сүйікті әзілкеші Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы «Әзіл әлемі» бағдарламасын әзірледі.

Қонақтар келесі күні осы уақытта Республика сарайында гала-концерт тамашалайды. Концерт шымылдығы профессор Айтқали Жайымов жетекшілік еткен Астана мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрінің орындауындағы Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен ашылады. Бағдарламада – «Шалқыма» халық биі ансамблі, эстрадалық би ансамблі, классикалық, эстрадалық және халық вокалы солистері, сонымен қатар эстрада әртістері өнер көрсетеді. Концертте Секен Тұрысбек, Алтынай Жорабаева, Тамара Асар, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Алмас Кішкенбаев, Маржан Арапбаева, Қайрат Баекенов және «Формат» тобы, Дос, Ринат Малцагов, «Арт домбыра» жобасы және т.б. қатысады.

Сонымен қатар мереке аясында қала тұрғындары Астана театрларының ірі халықаралық театр фестивальдерінде талай жүлде алған үздік қойылымдарын тамашалайды. Астана филармония оркестрлері мен солистерінің орындауындағы классикалық әуендерді тыңдайды, еліміздің талантты суретшілерінің еңбектерімен етене танысады, отандық эстрада орындаушыларымен кездеседі.

Қыркүйектің 19-21 аралығында Тәуелсіздік сарайының ұжымы Алматы тұрғындары мен қонақтарын барша Қазақстанды аралап, мыңдаған адамды тәнті еткен «Ақ тілекпен, Астана!» көрмесіне шақырады. Экспозицияда еліміздің 50-ден аса суретшісінің әр алуан жүзге жуық жұмысы келушілер назарына ұсынады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл еңбектерде тәуелсіз мемлекеттің тарихының әрбір кезеңі қамтылған. Көрме Республика сарайында сағат 10.00-18.00 аралығында өтеді.

Бұдан бөлек, Астана театрлары да алматылықтарға жеке бағдарламаларын ұсынады. М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры екі спектакль: Б.Жандарбековтың «Томирис – царица сакская» эпикалық драмасын және Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан үзінділер қояды.

21 қыркүйекте кешке Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер мемлекеттік академиялық орыс драма театрында көрермендер қазақ тарихындағы ең атақты шайқас – сақтар мен Парсының әйгілі патшасы Кирдің арасындағы шайқасты көре алады. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қойылымда нәзік әрі қайсар мінезді әйел, ана, халқын құтқару жолында, оның бостандығы үшін бәріне де дайын жауынгер, патшайым Томирис туралы баяндалады. Драманың қоюшы-режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Гульсина Мергалиева, қоюшы-суретші – ҚР Мәдениет қайраткері Қанат Мақсұтов.

22 қыркүйекте осы сахнада астаналық орыс драма театрының әртістері Евгени Онегинді сахналайды. Қойылымдағы кейіпкер Пушкиннің заманында емес, қазіргі кезде өмір сүреді. Спектакль РФ Театр қызметкерлері одағының қолдауымен қойылған, және Алматыдағы V «Откровение» халықаралық орындау өнері фестивалінің және Санкт-Петербургтегі «Встречи в России» ТМД және Балтық мемлекеттерінің ХХ халықаралық театр фестивалінің лауреаты.

Жастар театрының актерлары 22 және 23 қыркүйекте М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында М.Левидің «Между небом и землей» және «Моцарт» мюзиклін көрсетеді.

Сонымен қатар алматылықтар Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының үш қойылымын тамашалайды. 24-25 қыркүйекте елордалық актерлар Мұхтар Әуезовтың «Қараш- қараш» әлеуметтік драмасын, Уильям Шекспирдің «Отелло» трагедиясын және «Шие» пьесасын қояды.

«Қараш-қараш» спектаклінің қоюшы-режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков, қоюшы-суретші – Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Юлдаш Нурматов. Драмада Жарасбай мен Бақтығұлдың достыққа және туған жерге деген сүйіспеншілігі туралы айтылады. Олар бірге болса, ата-бабадан қалған жерді сақтап, оны кеңейте алады. Ал адал жолдан тайса, опасыздыққа тап болады.

«Отелло» трагедиясы ҚР халық әртісі, «Қаллеки» театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменовтың интерпретациясында ұсынылады. Спектакльдегі ұрысты ресейлік эксперт, сахналық ұрыстар шебері Михаил Вишневский қойған.

23-24 қыркүйекте Астананың Қуыршақ театрының үздік туындыларының бірі – Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» атты спектаклі алматылық көрерменге жол тартады. Театрдың көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұратованың қойылымында Семей полигонында орын алған оқиғалар мен оның салдары туралы баяндалады. Спектакльді Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында тамашалауға болады.

Сонымен қатар 22 қыркүйекте сағат 14.00-де Панфилов-Жібек жолы көшелеріндегі Жазғы сахнада елордалық Қуыршақ театрының әртістері «Байқа жолда, балақай!» қойылымын көрсетеді.

Бұдан бөлек, елордалық Мемлекеттік академиялық филармонияның шығармашылық ұжымдары да концерттер өткізеді. 22 қыркүйекте Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Орган залында Ғ.Жұбанова атындағы ішекті аспаптар квартеті «Ұлы дала әуендері» бағдарламасымен өнер көрсетеді. Шығармашылық кеште Шуберт, Гайдн, Бородин, Жұбанов, Жайымов, Махамбет, Желдібаева, Тәттімбет және Құрманғазы тәрізді ұлы тұлғалардың туындылары орындалады. Концерт сағат 18.00-де басталады. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында елордалық филармонияның Қазақ оркестрі «Елордадан елге сәлем» атты концерттік бағдарламасын ұсынады.

22 қыркүйекте сағат 16.00-де Панфилов-Жібек жолы көшелеріндегі Жазғы сахнада «Астанадан ақ тілек» концерті өтеді.

Астананың мәдени күндері аясында 23 қыркүйекте сағат 14:00-де Алматы орталық стадионында футболдың дамуына үлес қосқан ардагерлер арасында турнир өтеді.

Алматыда өтетін шаралар Астананың 20 жылдығына орай Қазақстанның өңірлерінде ұйымдастырылған мерекелік бағдарламалардың шымылдығын жабады.