«Жеті жарғыда» қалыңмал туралы не айтылған?

«Жеті Жарғы» заң жинағында қалыңмалдың өлшемі әлеуметтік топтардың дәрежесіне қарай белгіленген. Мысалы, қалыңмалдың ең жоғарғы шегі «бас жақсы» деп аталған. Қалыңмалдың бұл түріне бәйге мен көкпарда бас жүлде алып жүрген сәйгүлік, берен мылтық, атан түйе немесе күшті дуылғалы қара нар енген.

«Қырық жеті», «отыз жеті», «жиырма жеті», «он жеті» өлшеміне қара мал саны кірген. Ал «дөңгелек қалыңмалға» 10 бас қара мал кірген. Бұл – әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасылардың арасындағы қалыңмал өлшемі.

Егер отбасын құруға ниетті ер адамның шамасы дөңгелек қалыңмалды да төлеуге жетпесе, онда күйеу жігіт дөңгелек қалыңмал өтегенше немесе қайынатасы қалыңдықты алуға рұқсат еткенше қайынжұртына қызмет еткен. Осыдан кейін жұрт оған «күшік күйеу» деген айдар таққан.

Бұдан бөлек екі жағдайда да жігіт «күшік күйеу» атануы мүмкін. Ағайын-туысы бар болса да, қайынжұртының жанын жағалап күнкөрсе, күшік күйеу болған. Сұрбойдақ болып, үйленбей ұзақ жүріп қалған жігіт ағасы айналасындағылардың демеуімен, дәлірек айтсақ, күшпен үйлендірілгендіктен «күш күйеу» атанған. 

Қыз ұзату
©Әлия Асхатқызы

Қалыңмалдың қазақтың дәстүрлі дінімен байланысы

«Қалыңмал» сөзінің этимологиясы — «қалыңдықтың малы». Қыздың құнын төлеу қазақ жеріне дәстүрлі дін келмей тұрып пайда болған. Оның қай дәуірден бастау алғанын дөп басып айту мүмкін болмас. Алайда қалыңмал төлеу халықтан қалыспай қазіргі күнге дейін бірге жасап келе келеді.

Қалыңмал қазақ халқы ислам дінін қабылдамай тұрып көшпелі елдің қолданысында болған. Кейін ислам дінін қабылдағанда қалыңмал шариғаттағы мәһір реңкін (трансформация) алып, неке шарттарының бірі ретінде қабылданған, — дейді заңгер, шариғат бойынша маман Мұхан Исахан [1].

Үйлену отбасы болу
Көрнекі сурет

Мәһр — жігіттің қалыңдықтың өзіне ғана арнап беретін сыйлығы. Ол дүние-мүлік немесе ақша болуы мүмкін. Осы тұрғыда мәһрдің қазақ дәстүрінен ерекшелігін байқаймыз. Қалыңмал қыздың ата-анасына берілсе, исламдағы қыз кәдесі қалыңдықтың тәуелсіз мүлкі болып есептеледі. Қазақта қалыңмалға қарай қыздың жасауы әзірленеді. Егер екі жас үйленгеннен кейін әйел жесір қалса, күйеуінің берген қалыңмалына, мәһіріне алған дүние-мүлік отанасының меншігінде қалады. Осы тұста дін мен дәстүрдің байланысын аңғарамыз.

Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды (Қазақ мақалы).

«Балдыз қалың» деген не?

Кейде қалыңдық некесі қиылмай тұрып қайтыс болатын жағдай кездеседі. Күйеу жігіт қалыңмалын төлеген болса, онда сол үйдің екінші қызын алуға құқығы бар. Егер жігіт қалыңдығына ұрын барып, ол үйдің басқа қызы болмаса, төлеген малдың жартысы қайтарылады.

Егер бұрынғы қалыңдығына ұрын барған күйеу енді балдызын алатын болса, онда бұрынғының үстіне «балдыз қалың» төлеуге тиіс. Оған түйе бастатқан бір тоғыз қосылады. Күйеу бұрынғы қалыңдығына ұрын келмеген болса «балдыз қалың» төленбейді [2].

келін
Фото: El.kz

Ертеде қалыңмалдың мөлшері қандай болған?

Аса ірі байлар арасында қалың мал 100-ден және одан да көп ірі қара мал басымен есептелген. Жалпы көпшілік арасында қырық жетімен есептеледі. Қырық жетінің басы әдетте түйе бастаған тоғыздан тұрады. Одан кейін тоғыз құлынды бие берілсе, ары қарай тағы да басқа ірі қара түрлерінен тоғыз-тоғыздан берілген. Бұл тұста үш жасар жылқы бес қойға немесе бір сиырға тең келсе, үш пен бес жас арасындағы жылқы бір түйемен саналған [3].

Әбубәкір Диваевтың Шымкент уезінен жазып алған дерегі бойынша, қалың малдың ең жоғарғысы сегіз құлынды бие, 13 жылқы, тоғыз түйеден тұрған. Қалың мал көлеміндегі бір жылқыны алты қой ауыстырған.

Орта тұрмысты адамның қалыңмал көлемі 27-ден 37 бас малға дейін жеткен.

Кедейлер тұрмысында қалыңмал 7-ден 9 бас мал болған. Кейде кедей отбасылар келісім бойынша бір-біріне сый-кәде бермей екі жасты қосқан.

Қазақ қызы, ұлттық киім
Фото: massaget.kz

Шариғатта қыз кәдесінің шегі қандай?

Дәстүрлі дінімізде мәһірдің жоғары шегі көрсетілмеген. Ханафи ғұламалары мәһірдің төменгі шегі ретінде он дирхам күмісті белгілеген [4]. Бір дирхам шамамен 3,06 грамм күміске тең.

Үйленетін әйелдеріңе мәһрлерін (қалыңдық сыйын) шын көңілден тарту етіңдер. Егер олар өз ризашылығымен сол мәһрдің бір бөлігін өздеріңе қалдырса, сендер үшін таза һәм адал. Игіліктеріңе жаратып, қызығын көріңдер («Ниса» сүресі, 4-аят).

Дереккөз:

  1. E-Islam.kz;
  2. «Іскери-шешендік тіл дамыту», Марина Мұғауина;
  3. «Қазақтар. Тарих және мәдениет» кітабы. Алматы, 2015.
  4. «Шариғатта қалыңмал ұғымы бар ма?», ihsan.kz

Материалды Алматы дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігі дайындаған.