Almaty Film Festival үздік картиналарды анықтады

Халықаралық фестиваль қорытындысы бойынша 10 фильмнің ішінен Дарья Жуктің «Хрусталь» фильмі ең үздік деп танылды. Фильмді АҚШ, Германия, Ресей, Беларусь елдері бірлесіп түсірген.

Ал «Әлем кинематографиясына қосқан үлесі үшін» конкурстан тыс жүлдесі Корея режиссеры Ким Ки Дукке бұйырды.

Бұл кинофестиваль бірінші рет өтіп жатыр әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл халықаралық фестивальдің келесі жылы да ұйымдастырылғанын қалаймын, — деді Ким Ки Дук.

Қазылар алқасының арнайы «Ең үздік операторлық шеберлік және қоюшы режиссер» жүлдесін «Әлемнің ерке енжарлығы» фильмінің режиссеры Әділхан Ержанов жеңіп алды.

«Ең үздік актриса» номинациясы бойынша екі бірдей актриса — Майса Абд Эльхади мен Сивэйн Крэчнер жүлдегер атанды. Олар Тинатин Каджришвилидің «Сара мен Салимнің қатынасы» фильмінде ойнаған.

Ал «Ең үздік актер» жүлдесін «Көкжиек» фильмінде ойнаған Георгий Бочоришвили жеңіп алды. Фильм режиссеры — Тинатин Каджришвили.

«Ең үздік режиссер» жүлдесін «Жанартау» фильмінің режиссері Роман Бондарчук қанжығасына байлады.

Міне, фестиваль өз мәресіне жетті және жоғары деңгейде өтті. Менің бұл ойыммен бәрі келіседі деп ойлаймын. Осы күндері біз 10 фильм тамашаладық, олар әртүрлі жанрдағы фильмдер болды. Олардың ішінен бірауыздан ең үздік деген картинаны таңдадық. Бұл теңдессіз туынды екеніне еш күмән жоқ, — дейді Ресей режиссеры Сергей Бодров.

Сонымен қатар байқаудан тыс ЮНЕСКО-ның «Деректі фильм» жүлдесінің жеңімпазы анықталды. Аталған жүлде бойынша Кристиан Фрай мен Максим Арбугаевтың «Жаратылыс 2.0» фильмі үздік деректі фильм атанды.

«Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Алтынемел» фильмі фестивальдің бас серіктесі — «Хабар» агенттігінің арнайы жүлдесімен марапатталды.

Фестиваль кезінде питчинг жобалар да көрсетілді. Нәтижесінде продюсер Серік Әбішев пен режиссер Әділхан Ержановтың «Қуандық» фильмін қазылар алқасы үздік деп таныды. Фильм осы жылы түсіріліп, келесі жылы осы фестивальде көрсетіледі.

Еске сала кетейік, Almaty Film Festival Алматы күніне орай биыл алғаш рет өтті. Қазылар алқасы құрамында режиссер Сергей Бодров, продюсерлер Гүлнара Сәрсенова, Пьер Спенглер, Марк Рускар және актриса Настасья Кински болды. Конкурс барысында көбіне бірнеше студияның бірлесе түсірген фильмдері көрсетілді.