Құрбан айтта түрлі діни ұйым өкілдері бас қосты

Әртүрлі діни ұйым басшылары Алматы Орталық мешітінде Қазақстан мұсылмандарын қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

Орталық мешітке бас сұққан өзге дін өкілдерін Бас имам Еркінбек қари Керімбекұлы және мешіт имамдары жылы жүзбен қарсы алып, мешітті таныстырды. Олар да өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарға қанықты.

Бұдан соң қонақтар мешіт ауласындағы киіз үйге шақырылып, мерекелік дастарханнан дәм татты. Түрлі дін өкілдері осылайша бір діни шаңырақ астына жиналып, бас қосты. Бұл — елімізде барлық дін мен ұлт өкілінің ынтымақта, бірлікте өмір сүріп жатқанының бір дәлелі.