«Тағы да сүй» – 10 қыркүйектен бастап «Хабар» арнасынан көрермен назарына ұсынылған романтикалық телехикая. Хикаяның желісі Аян есімді жігіттің шытырман оқиғалы тағдырына құрылған. Сүйгенінен айырылып, өмірі мұңға айналған жас жігіт басқа қызды сүйе ала ма? Басты кейіпкердің тағдырын кім өзгертеді? Мұны телехикая соңында білеміз.

Шалқар, «Тағы да сүй» телехикаясында басты кейіпкер Аянның ролін сомдап шықтың. Аян мен Шалқардың ұқсастығы мен айырмашылығы қандай? Кейіпкеріңнен не үйрендің және керісінше, саған оның қай қасиеті ұнамайды?

«Тағы да сүйдегі» Аянмен біраз ұқсастығымыз бар. Ол — ойын анық жеткізе алатын, ашық-жарқын, мейірімді, достарына адал жігіт. Бұл рольге тез кіріп кете алғандықтан кейіпкеріммен айырмашылықтарымызды аса байқамадым.

Айтпақшы, Аянмен шағып сөйлеп қалатын әдетіміз ұқсайды. Өмірде өзім де сондаймын, күлкілі болсын деп тиісіп сөйлей беремін. Бірақ мұнымды түсінбей қалатындар өте көп. Артынан кешірім сұрап жүремін.

Аян — шын ғашық болатын, тек бір қызды сүйетін жігіт. Бірақ оның телехикаяда екі қыздың қайсысын таңдайтынын білмей адасатын сәті бар. Осы сәттегі Аян маған ұнамайды. Ер азамат ретінде оның ақылға салмайтын тұстары болады.

Шалқар Құдайберген
Шалқар Құдайберген. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Сценарийді оқып отырып өзіңді кейіпкеріңнің орнына қойып көрген шығарсың? Шалқар Аянның орнында болсаң, не істер еді?

Иә, сценарийді оқып отырып Аянның жағдайын терең түсіндім. Оның басынан өткерген оқиғасы  — өте қайғылы. Мұндай жағдай өзімнің де, басқаның да басынан өткенін қаламаймын. Аянның орнында болсам, мен де дәл сондай шешім қабылдар ма едім. Телехикая сезімге, махаббатқа құрылған. Ал сезім тұрғанда ақылға салып, шешім қабылдау өте қиын. Ал менің кейіпкерім осындай сәтте дұрыс шешім қабылдай алуы керек. Телехикаяның ең қиын сәті осында.

Аян ақылға сала ма, сезімге ерік бере ме?

Оны айтып қойсам, көрерменге қызықсыз болып қалады. Телехикаяны соңына дейін көріңіздер.

Шалқар Құдайберген
Шалқар Құдайберген. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бұр роль саған қаншалықты қиын болды? Өзің басқа қандай рольде ойнағың келеді?

«Тағы да сүйдің» алдында «Арман қанатында», «Аяулы арман», «Зауал», «Қызыл алма» сынды телехикаяларда екінші кезектегі рольдерді сомдадым. Барлық кейіпкер өзімнің табиғатыма жақын адамдар болды. Аян да менің болмысымнан бөлек жігіт емес. Сондықтан бұл роль мен үшін аса қиынға соқпады. Тек дикция жағынан кішкене олқылықтар болып, сөйлеу жағынан біраз жаттығу керек болды. Нақтырақ айтсам, менің айтатын сөйлемімде «с» дыбысы көп кездессе, менің тілім бұрмалып, дұрыс сөйлей алмай қаламын. Сондықтан телехикаяның редакторы мен айтатын текстке «с»-ны көп қоспай, маған лайықтап жазуына тура келді. Бұған қоса, түсірілім барысында да талай сөйлемді өзгерттік.

Рольдерімнің бәрі бір-біріне ұқсас. Осы себепті де мүлде басқа рольде ойнағым келеді. Мінезі менің мінезіме қарама-қарсы, жағымсыз образдағы адамның ролін сомдап, өзімді тексергім келіп жүр. Келесі кейіпкерім өтірік айтып, алдап кететін, сатқындық жасайтын, зұлым, тасжүрек немесе адам өлтіретін болуы мүмкін. «Тағы да сүйден» соң маған ұсыныстар түсті. Тек кейіпкер бұрынғы кейіпкерлеріме ұқсас болғандықтан бас тарттым.

Шалқар Құдайберген
Шалқар Құдайберген. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Кейіпкерің саған ұқсас болғанымен сен үшін қиынға соққан сахна болған шығар?

Әрине, бір топ жас болып тауға шығатын сахна ең қиыны болды десем қателеспеймін. Кешке тауда өте салқын болды, ал бізге жеңілірек киінуге тура келді. Тоңған адамның тілі де сөйлеуге келмей қалады ғой. Сондықтан таудағы сахнада ештеңеге қарамай бар күш-жігерімізді салуға тура келді.

Мен түсірілімге ұйқым қанбай келіп жүрдім. Бір күні маған 20 секунд төбеге қарап ойланып отыру керек болды. Осы сахнада ұйқымның келіп түрғаны соншалық, көзім жұмылып кете берді. Көзімді ашып, ойланып отырған салмақты адамның түрін жасай алмай әбден әбігерлендім. Режиссер де осы кезде ашуланып, біраз сілкіп алды. Сонымен не керек, бұл сахнаны да ойнап шықтық.

"Тағы да сүй" телехикаясының премьерасы
«Тағы да сүй» телехикаясының премьерасы. Фото: Kipyat.com

Телехикаяның басы-қасында жүрген адам ретінде осы туындының ұтымды тұсын айтшы? Көрермен «Тағы да сүйді» қандай ерекшелігі үшін көруі керек?

Қазақ телехикаяларының көбі Ресейден келеді, одан қалса, аударылады. Ал сценарийі өзімізде жазылатын болса, көбіне үлкен авторлар жазады. Осының салдарынан бірсарынды телехикаялар шығып жатады. Ал бұл телехикаяның біріншіден, сценаристері – өзімізбен жасты қыздар. Олар өздерінің бар идеясын, ойын қосып, жастардың көзқарасымен жазып шыққан соң телехикая да жаман шыққан жоқ. Екіншіден, актерлар да сол сценарийге байланысты таңдалды. Актердің ойнау шеберлігінен бұрын, кейіпкерімен сай келуіне (типажына) басымдық берілді. Басты кейіпкерлер мен олардың ата-аналарын таңдауда бір-біріне ұқсастығы ескерілді. Кастинг жақсы ұйымдастырылды, актерлар бірнеше этаптан өту арқылы таңдалды. Үшіншіден, көрермендер байқаған болар, телехикая әртүрлі жерде түсірілген. Қазақ телехикаяларында үй мен көліктің ішінен, саябақ пен кафеден басқа жерді көру қиын. Ал бұл сериалда Алматының әсем табиғатынан бастап, қазір жастар баратын әдемі жерлердің бәрі қамтылған. Сериал үшін локация өте көп. Сәйкесінше қаржы да үнемделмеді. Телехикаяда махаббат, сезім әзіл көп, қайғы да жетеді. Отбасындағы құндылықтар, үлкен мен кішінің сыйластығы көрсетіледі. «Тағы да сүйдің» берері бар және ол қазақтың алғашқы дорамасы болуға лайық. Қазақ жастары қызығып көретін телехикая болсын деп еңбектенген адамдардың еңбегі бағалануы керек.

Қазір немен айналысасың?

әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің 5-курс студентімін. Мамандығым – ядролық физика. Бизнеспен айналысамын әрі киноға түсемін. Бизнесте жалғыз емеспін, қасымда серіктестерім бар. Сондықтан басқа да шаруаларыммен айналысуға мүмкіндік бар. Қазір вокал сабағына барып жүрмін. Әншілікке бет бұру ойда бар.

"Тағы да сүй" телехикаясының премьерасы
«Тағы да сүй» телехикаясының премьерасы. Фото: Kipyat.com

Кино саласына қалай келдің? 

Біз 4 жігіт кішкентай кезімізден доспыз. Арамызда Еламан деген досым кастинг директор болып жұмысқа орналасып, кейіннен фильмдерге түсіп жүрді. Мейіржан да актерлік қырынан таныла бастады. Содан мен де киноға түсуге қызығып, Еламан жұмыс істейтін жерге кастингке бардым. Режиссер мені көрді де, ештеңе сұрамай, бірден түрімнің келіп тұрғанын айтып екінші рольге алды. Бұл «Арман қанатында» телехикаясы болатын. Ешқандай қосымша рольде де, эпизодтық рольде де ойнап көрмеген адамға екінші кезектегі рольді сомдаған оңай болған жоқ. Осылайша мектеп бітіре салысымен телехикаяларға түсе бастадым. Ал «Тағы да сүй» телехикаясына мені Іnstagram арқылы шақырды. Ойымда ештеңе жоқ, кастингке келдім. Бір рет емес, бірнеше рет келдім, себебі әртүрлі актрисамен ойнап көрдім. Рольге келіп тұрсың, бірақ актерлігіңді шыңдау керек деді. Мен сценарийді алып, Аянның мінез-құлқын, іс-қимыл-әдеттерін жаттай бастадым. Сонымен басты рольге бекітілдім.

Оқу орнын бітірген соң өзімнің ойымдағыдай жұмыс кездесіп жатса, мамандығым бойынша жұмыс істеуге қарсы емеспін. Нақты саланың маманы болу ер азаматқа қашан да жарасады. Дегенмен алдымызда не күтетінін білмейміз. Кино, шоу-бизнес әлемінен бас тартпаймын. Бұл салаға әрқашан қызығушылық басым.

Телехикая режиссері Асхат Мұсабаймен
Телехикая режиссері Асхат Мұсабаймен. Фото: Kipyat.com

Қазақ телехикаяларын көресің бе? Көңілің тола ма?

Негізі теледидар көрмеймін, телехикаяларды көрмейтінім осыдан-ақ белгілі шығар. Тіпті, бұрын өзім түскен сериалдарды да көрмейтінмін. Көрсем тек 10-15 минут қарауым мүмкін, одан аспайды. Бұл ұнатпағаннан емес, шаруалармен жүріп телехикая түгелдеуге уақыт та, құлшыныс та бола бермейді.

Өзіне сын көзбен қарайтын адамдардың бірімін. Әр ойнаған роліме, күнделікті жүріс-тұрысыма, сөйлеу мәнеріме сыни көзбен қараймын. Өз кемшіліктерімді байқап, қайталамауға тырысамын. Өзіне көңілі толмайтын адам ғана өсе алады, ертең бүгінгісінен де жақсырақ болады. Қазір «Тағы да сүйді» көріп жүрмін. Көпшілігі жақсы ойнапсың деп жатады. Бірақ менің өзімнің ойнағаныма көңілім толмайды. Бұдан да жақсырақ болуы керек еді.

"Тағы да сүй" телехикаясының премьерасы.
«Тағы да сүй» телехикаясының премьерасы. Фото: Kipyat.com

«Тағы да сүйдегі» Мерей сияқты қыздар ұнай ма? Өміріңде ондай қыздар кездесті ме?

Мен ойымдағыны ашық айта беретін, бірнәрсе ұнамай тұрса, айтып салатын адаммын. Ал менің болашақ жарым, керісінше, салмақты, әр сөзін ойланып айтатын жан болса екен деймін. Ерлі-зайыпты бір-бірін толықтырып тұруы керек. Болашақ жарымның инабатты, әр нәрсенің орнын білетін, ер азаматын бәрінен биік қоятын әйел болғанын қалаймын.

Демек Мерей сияқты қыздар ұнамайды?

Иә.

Ал өзің айтқан салмақты, әр қадамын аңдап басатын қыз жолықты ма?

Әзірше жолыққан жоқ.

Сұхбат соңында түсірілімде болған қызық оқиғаларды айтып берсең?

Бір сахнада сценарий бойынша мен ұйықтап жатамын, ал менің телефоныма хат келеді. Бірақ мен ұйықтап жатқандықтан бұл хатқа алаңдамауым керек. Ал түсірілім кезінде мен шынымен де ұйықтап қалып, хат келгенде әр дубль сайын оянып кетіп, «Телефонымды беріңдерші!»- деп сөйлеп кете беріппін. Бұл жағдайды кейін түсірілім тобы айтып берді.