Ағайындылар ауылға фельдшерлік-акушерлік пункт салып берді

Батыс Қазақстан облысында Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған жеріне ту тігіп, перзенттік борыштарын өтеп жатқан қалталы, қайырымды азаматтардың қатары күн өткен сайын толығып жатыр.

Солардың арасында туған ауылдарына фельдшерлік-акушерлік пункт салып берген ағайынды Асқар, Нұрлан, Ақылбек, Мейрам, Абзал Сыралиевтердің тамаша бастамасын бөле-жара атауға болады. Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының Әжібай елді мекенінде туып-өскен жігіттер бүгінде Оралда бір-бір кәсіптің құлағын ұстаған. «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген қағиданы өмірлік ұстанымдарына айналдырған азаматтар қалталарынан 15 миллион теңге қаражат шығарған. Білек сыбана кіріскен жергілікті құрылысшылар айналасы екі айда еңселі емдеу мекемесін тұрғызып үлгерді.

Заман талабына сай салынған бұл нысанға қажетті коммуникациялар тартылған. Мұнда фельдшерлік, егу, акушерлік, күндізгі емхана кабинеттері бар. Олардың бәрі толықтай жаңа медициналық құралдармен жабдықталған.

Біз осы жерде оқып, білім алдық. Еңбекке араластық. Өзіміздің туған ауылымызға көмек жасап, осындай бір игі істі бастауды көптен бері жоспарлап жүрдік. Сол жоспарымызды орындауда қолдау көрсеткен және кеңестерін берген аудан, округ әкімдері және ауыл азаматарына ризашылығымыз зор. Елге көмек көрсету әрбір азаматтың борышы деп білемін, — дейді ағайындылардың үлкені Асқар Сыралиев.

Ол фельдшерлік пункттің символикалық кілтін аудандық орталық аурухананың директоры Қайырбай Алтаевқа табыс етті.

Айтулы шараға арнайы келген БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнара Әбдірахманова жомарт жігіттерге алғысхат пен естелік сыйлықты тарту етті. Ал осындай игі іске ризашылықтарын білдірген әжібайлықтар ағайынды жігіттерге шапан жауып, сәйгүлік мінгізді.

Ауылымыздағы бұрынғы ФАП ғимаратының әбден тозығы жетіп, ескіріп тұрған еді. Бұл мәселені шешіп, өз қаражаттарына осындай тамаша ғимарат салып берген ағайынды жігіттерге ризамыз. Жаңа емдеу орны ауыл халқының денсаулығының жақсаруына үлкен үлес қосады деген сенімдеміз, — дейді Әжібай ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктінің фельдшері Гүлзира Төлегенова.