Атырауға алғаш рет Елбасының көшпелі көрмесі келді
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Бүгін – 18 қыркүйек күні Атыраудағы облыстық Ш. Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде “Нұрсұлтан Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам” атты көшпелі қор көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Көрменің ашылу салтанатына ҚР Президенті кеңсесінің басшысы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және өңірдің зиялы қауым өкілдері мен студент жастары қатысты.

Жиында сөз алған Маxмұд Қасымбеков Атырау жеріне Елбасының арнайы тапсырмасымен келгенін айтты.

Қасиетті Атырау жеріне үлкен тариxи маңызы бар құнды жәдігер алып келдік. Біз бүгін бірінші Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көшпелі музейін таныстырғалы отырмыз. Көрмеде 1000-нан аса құнды жәдігер мен қолжазба, 50-ден аса мемлекеттік марапат бар. Сонымен қатар Елбасының тікелей нұсқауымен мұнайлы өлкеге 130 адамнан құралған Президент оркестрімен бірге келіп отырмыз. Бұл – Мемлекет басшысының Атырау жұртшылығына арнайы сыйы, – деді ҚР Президенті кеңсесінің басшысы.

Көрменің мақсаты – кітапхана жинақтары негізінде Тұңғыш Президенттің тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ролін жүйелі түрде көрсету.

Атырау көрме
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Көрме төрт бөлімнен тұрады:

1. Елбасы жолы

2. Елбасы феномені

3. Әлем таныған Елбасы

4. Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі.

Салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлан Ноғаев атыраулықтарды көрмені тамашалауға шақырды.

Тәуелсіз Қазақстан мен Нұрсұлтан Назарбаев – егіз ұғым. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізбей тұрып, болашағын сараптай алмаған кезде Елбасымыз жеке жауапкершілік алып, барлық қазақстандықтың қолдауымен әлемдік қауымдастықта өз орны бар мемлекетімізді құрған болатын. Осы кезеңдерде Президентіміз өз көрегендігімен талай сындарлы сағаттан өтті. Бүгінгі бейбітшілігіміз – сол еңбектің жемісі. Көрме барысында Елбасы тұралы бұрын-соңды беймәлім болған ақпараттарды алып, әлемдік саясаттағы тұлғалардың еліміз, көшбасшымыз туралы ой-пікірлерімен таныса аласыздар. Бүгінгі шара – тариxи шара. Сол тариxтың куәсі болуға барлығыңызды шақырамын, – деді облыс басшысы.

Көшпелі көрме жобасы 2017 жылдың қарашасында Алматыдан бастау алып, 2018 жылдың ақпан айында Шымкентте өз жұмысын жалғастырды. Екі қалада да жоғары деңгейде өткен көрмені 250 мыңнан астам адам тамашалады.

Атырауда “Нұрсұлтан Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам” көрмесі екі ай болады. Ш.Сариев музейінде көрмені тегін тамашалауға мүмкіндік бар.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!