Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру мониторингі және тапсырыстың нәтижелерін бағалау қағидалары бекітілді. Бұл туралы Қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Қоғамдық даму министрлігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, іске асыру мониторингі және осы тапсырыстың нәтижелерін бағалау қағидаларын бекітті. Құжатты әзірлеуге үкіметтік емес ұйым өкілдері белсенді атсалысты.
Бұл құжат бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру стратегиялық құжаттар негізінде ғана емес, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың ұсыныстарын және тұрғындардың қажеттілігін ескере отырып жүргізіледі. Сонымен қатар мемлекеттік органдар жоспарланған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тақырыптарын қоғамда талқылау үшін интернет-ресурстарына орналастырады. Кеңінен талқыланғаннан кейін ғана мемлекеттік органдар тарапынан жобаның техникалық ерекшеліктері әзірленіп, бюджеттік өтінімге тақырыбы мен қаржы көлемі енгізіледі.
Әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды жүзеге асыруға мониторинг жасалады. Қағида бойынша талдау кем дегенде әр тоқсанда бір рет қойылған мақсаттарға жету, мерзімі, әлеуметтік мәселені шешу, тұрғындарды қамту және тағы басқа көрсеткіштер бойынша жүргізіледі. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру қорытындысы туралы есеп мемлекеттік органның интернет-ресурсында жарияланады.
Қағидада мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың нәтижелерін бағалауды өткізу механизмдері жазылған. Бағалау – жобаны жүзеге асырғаннан кейінгі тиімділігін талдау. Ол жобаның тиімділігін, тұрғындардың аталған қызметпен қанағаттану дәрежесін анықтауға көмектеседі.
Бағалау жоба аяқталғаннан кейін әлеуметтік тапсырыстың есебі мен талдау нәтижесі негізінде жасалады. Жобаларды бағалауды сарапшылар кеңесі арнайы критерийлерді басшылыққа ала отырып жасайды. Онда жобаның өзектілігіне, жоспарды орындау нәтижесі, әлеуметтік тиімділігіне басымдық беріледі.
Аталған кеңестер әлеуметтік жобаның бағыты бойынша білімі мен білігі, арнайы сертификаттары бар мамандардан құралады.
Сонымен қатар сарапшылар бағалауы нәтижесінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қорытындыларын бағалау жобалары қоғам мүшелері арасында талқыланады. Бұған дейін ҚР Қоғамдық даму министрлігі «АРГО» Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен бірге ҮЕҰ жобаларын бағалауды жүргізу үшін кеңесші-мамандарды даярлауға арналған оқыту семинарларын ұйымдастырған еді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс нәтижелерін бағалау желтоқсан айында өтетін VIII Қазақстанның Азаматтық форумы аясында таныстырылады.