Дін істері бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобалары талқыланды

Алматы әкімдігінде қалалық дін істері жөніндегі басқарма басшысы Айдар Есенбековтің төрағалығымен басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясындағы жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылау бойынша жиналыс өтті.

Жиналысқа «Қазақстан Республикасындағы терроризм және экстремизм мәселелерін зерттеу жөніндегі орталық» ҚҚ президенті  Кәкімжан Бишманов, «Перспектива» ақпараттық кеңес-беру тобы» ҚҚ президенті Елена Бурова, «Қазақ интернеті» ҚБ өкілі Мырзахмет Жузей, «Жауһар» ұлттық дәстүрді қолдау қоры» ҚҚ өкілі Медет Әшімхан, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» ҚҚ президенті Арман Әубәкір және басқалар қатысты.

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Алматы дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Дін мен дәстүр» жобасын атқарып келеді. Бұл жобаның аясында дін адамдарына, жалпы студенттер қауымына қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптеу көзделген. Діни ағымдар ең бірінші қазақтың ұлттық ерекшеліктерін жоюға тырысады. Қазақтың төл ерекшеліктері жойылған кезде ол кім-көрінгеннің соңынан оп-оңай ілесетін мәңгүртке айналады. Сирияға кетіп жатқан кісілер де — өз құндылықтарынан жеріген адамдар. Жоба бойынша мешіттер мен жоғары оқу орындарында көптеген кездесу шарасын өткізіп, ұлттық ән-күй бойынша музыкалық концерт өткіземіз. Бұл жоба ұлт болашағы үшін үлкен маңызға ие деп есептеймін,- дейді Арман Әубәкір.

Іс-шара барысында жобаларды жүзеге асырушы әлеуетті орындаушылар жыл басынан бүгінге дейін атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Шараларды жүзеге асырудағы кейбір қиыншылықтар мен кемшіліктер айтылды. Шара соңында басқарма басшысы Айдар Есенбеков жобалар аясында қарастырылған іс-шараларды уақытылы әрі сапалы орындау қажет екендігі айтылып, бірқатар тапсырма берілді.