Нұрсұлтан Назарбаев Түркия бизнесмендерімен кездесті

Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының іскер топтары өкілдерімен кездесті. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Президенті Түркияның бизнес өкілдері алдында сөйлеген сөзінде екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық оң қарқын алып келе жатқанын атап өтті.

Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастар өзара достыққа, бауырластық пен сенімге негізделген. Сауда айналымы жөнінен Түркия Қазақстанның стратегиялық серіктестерінің алғашқы ондығына кіреді. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 27%-ға өсіп, 2 миллиард АҚШ долларына жуықтады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы инвестициялық ынтымақтастық пен экономиканың түрлі салаcындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, тәуелсіздік алғаннан бері елімізге Түркия 3 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция құйғанын және бүгінде Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 2 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істеп отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті екі ел кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған «Жаңа синергия» бағдарламасының жүзеге асырылу нәтижелері жөнінде айтты.

Осы бағдарлама аясында құны 800 миллион доллар болатын 23 жоба іске қосылып, 3 мың жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді. Кеше елдеріміздің бизнес өкілдері құны 1,7 миллиард доллардан асатын 24 келісімшартқа қол қойды. Бұл – біздің өзара сенім мен ынтымақтастығымыздың жарқын мысалы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Түркия
Фото: Аkorda.kz

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық артықшылықтарына және елімізде бизнес жүргізу үшін жасалған қолайлы жағдайларға назар аударды.

Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсарту жөнінде кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Кәсіпкерлікті дамыту үшін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде Қазақстан 190 елдің арасында 36-орында. Біздің мемлекет Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Инвестициялық комитетінің мүшесі болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі мен Kazakh Invest  компаниясының жұмысы және инвесторлар үшін қарастырылған түрлі жеңілдік жөнінде айтты.

Қазақстанда 11 арнайы экономикалық және 24 индустриялық аймақ бар. Олардың жұмысына қатысушылар үшін салықтық және өзге де жеңілдіктер қарастырылған. Түрік компанияларын Қазақстанда өз бизнестерін өркендетуге шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті еліміздің көлік-транзит әлеуетінің мүмкіндіктеріне жан-жақты тоқталды.

Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы трансконтинентальды мультимодаль жүк тасымалын белсенді дамытып отыр. Еліміз арқылы 5 теміржол және 6 халықаралық автомобиль жолы өтеді. Транскаспий мультимодаль жүк тасымалын дамыту үшін көп жұмыс атқарылып отыр. Ақтау портын жаңғыртып, оның мүмкіндіктерін кеңейттік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстандағы өнеркәсіп кәсіпорындарын жекешелендіру үдерісіне және агроөнеркәсіп кешеніндегі инновациялық жобаларды іске асыруға шетелдік инвесторлардың қатысу мүмкіндігі бар екенін де атап өтті.

Президент түрік бизнесмендерін Назарбаев университеті мен Инновациялық технологиялар паркі базасында құрылған инновациялық кластерлердің жұмысына атсалысып, туристік саладағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды.

EXPO-2017 көрмесінің базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысы істей бастады. Бұл орталық Нью-Йорк, Сингапур, Лондон және Дубай қалаларындағы қаржы орталықтарының үздік моделі негізінде жұмыс жүргізеді. Оның құқықтық мәртебесі конституциялық заңмен бекітілді, жұмыс тілі – ағылшын тілі. Бұл – өңірдегі қызметі ағылшын құқығына негізделген бірден-бір орталық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына қатысушылар үшін арнайы салық, валюта, виза және еңбек режімдері енгізілгенін айтып, екі ел бизнесмендерін мемлекетаралық байланыстарды дамыту және нығайту ісіне белсенді атсалысуға шақырды.