Қазақстанның Мемлекеттік елтаңбасына өзгеріс енді

Қазақстанның Мемлекеттік елтаңбасының жаңартылған стандартында QAZAQSTAN сөзі қолданылады. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

12 қыркүйекте Эталон орталығында Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Арман Шаққалиевтің, Мемлекеттік елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековтің және «ҚазИнСт» РМК басшылығының қатысуымен Ғылыми-техникалық комиссияның отырысы өтті. Отырыстың нәтижесінде Қазақстан Республикасы 989-2014 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы. Техникалық шарттар» стандартына №1 өзгеріс енгізу туралы шешім қабылданды.

Осылайша ұлттық стандартқа «Қазақстан» сөзін латын графикасымен QAZAQSTAN деп жазу және ΔE түс диапазонын қолдану туралы өзгеріс енгізілді», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз хатшысы Еркема Мұхтар.

Бұған қоса, стандартқа Мемлекеттік елтаңба элементтерінің сипаттамасы мен тарихы туралы әдістемелік құралға сілтеме мен Мәлібек Жандарбеков жасаған конструкторлық құжаттама да қосылып отыр. Елтаңбаға өзгеріс енгізу үшін өндірушілердің және Мемлекеттік елтаңба авторының қатысуымен бірнеше жұмыс отырысы өткізілген.

Еске салайық, елтаңбаға өзгерісті Жұмыс тобы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тілінің алфавитін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» жарлығына сәйкес жасаған.

Қазақстанның Мемлекеттік елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

ДереккөзTengrinews.kz