Басты бетЖаңалықтарАтырау облысы...

Атырау облысы мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арасында меморандумға қол қойылды

Меморандум облыстың 2000 тұрғынына төмен бағада жеке пәтер алуға мүмкіндік береді. Тұрғын үйдің жалпы ауданы 172,6 мың шаршы метр болады.

Серіктестік жөніндегі меморандумға Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев пен Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің төрайымы Ләззат Ибрагимова және «Атырау» ӘКК басшысы Марат Түсіпқалиев қол қойды.

Фото: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бұл келісім 2019 жылы тапсырылатын 297 пәтерге арналған 4 нысанның құрылысын көздейді. Сонымен бірге Атырау облысының тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін басқа меморандумдарға да қол қойылды.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев облыс тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы айтты.

Қазіргі таңда облыста жалпы саны 3000 пәтер болатын 44 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 2000 пәтер болатын 34 көпқабатты үйді пайдалануға беру жоспарлады. Айта кету керек, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасына мұнайлы астана тұрғындары ерекше қызығушылық танытып отыр, жыл басынан бері 59 өтініш келіп түсті, 34-і мақұлданды, — дейді облыс басшысы.

Сонымен қатар, меморандум аясында «Нұрсая» ықшамауданында 100 пәтерлік тұрғын үй, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Нұрсая» және «Береке» аудандарында 21 тұрғын үй және Талғайран елді мекенінде 80 жеке тұрғын үй салынады. Олардың ауданы 64-191 шаршы метр аралығында, үйлер бір және екі қабатты болады деп жоспарланған.

1 шаршы метрдің тұрғын үй бағасы — 120 000 теңге. Тұрғын үй сатып алушылар жер учаскесін алу үшін жергілікті әкімдік кезегінде болуы тиіс.

«Нұрлы Жер» бағдарламасына қатысу және тұрғын үйді сатып алу үшін ТҮҚЖБ есебінде 20%  бастапқы жарнаңыз болса, жеткілікті. Егер 1 бөлмелі пәтердің құнын 7 миллион теңге деп алатын болсаңыз, онда депозитке 1,4 миллион теңге жинау керек. Содан кейін, банк жеңілдетілген несиені жылдық 5% мөлшерінде береді, — дейді Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің төрайымы Ләззат Ибрагимова.