Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ елшісін “Достық” орденімен марапаттады

Қазақстан Президенті АҚШ-тың Қазақстандағы елшісіне қазақ тілі мен мәдениетін насихаттағаны үшін алғыс білдірді.

Джордж Крол мен Нұрсұлтан Назарбаев
Фото: Аkorda.kz

Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Джордж Кролмен кездесті. Мемлекет басшысы оған Қазақстандағы жемісті еңбегі үшін ризашылық білдіріп, дипломаттың екіжақты байланыстардың дамуына ерекше үлес қосқанын атап өтті.

Сіз жұмыс істеген уақытта елдеріміз арасындағы жемісті қарым-қатынастар нығая түсті. Қаңтар айындағы АҚШ-қа сапарым барысында Президент Дональд Трамппен кездестім. Біздің экономикалық ынтымақтастығымыз жаңа деңгейге көтерілді. Қол жеткізген барлық уағдаластық табысты жүзеге асырылып жатыр. Мұның бәрінде сіздің үлесіңіз мол. Сіз қазақ тілі мен мәдениетін насихаттап жүрсіз. Өзара қарым-қатынастарымыздың нығаюына зор еңбек сіңірдіңіз. Сізді Қазақстанның досы болып қала береді деп сенемін, – деді Елбасы.

Джордж Крол Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық қызметіне жоғары баға бергені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, Қазақстандағы мәртебелі жұмысын зор жауапкершілікпен атқарғанын атап өтті. Елші атқарған қызметінің екі ел арасындағы қарым-қатынастардың одан әрі дамуына септігін тигізетініне сенім білдірді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Джордж Кролды дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі “Достық” орденімен марапаттады.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!