Басты бетЖаңалықтарБюджетті игермеген...

Бюджетті игермеген басшылардың жауапкершілігі бір апта ішінде қаралады

Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев еліміздің 2018 жылдың 8 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджетті игеру қорытындыларын қарау барысында орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің, Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың баяндамаларын тыңдағаннан кейін Премьер-министр бюджет қаражатын елеулі сомада игермей қалған министрліктерге талап қойды. Мәселен, Қорғаныс министрлігінде республикалық бюджеттен бөлінген, игерілмеген қаражат сомасы — 15,4 миллиард теңге, Мәдениет және спорт министрлігінде — 11,1 миллиард теңге, Ауыл шаруашылығы министрлігінде — 10,9 миллиард теңге, Ішкі істер министрлігінде — 9,5 миллиард теңге, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде — 5,7 миллиард теңге.

Бұл — өте үлкен қаражат сомасы, бұл ақшаға көптеген мектеп, аурухана, балабақша салып, жолдарды жөндеуге болады. Бұл қаражаттар уақытылы игерілуі тиіс, — деді Премьер-министр.

Ол игерілмеген қаражат ведомстволардың теңгерімінен алынып, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға қайта бағытталатынын айтты. Экономикалық өсім көрсеткіштеріне қол жеткізілмеген өңірлерге де жекелей назар аударылды.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев 2018 жылдың 8 айында республикалық бюджет қаражаты 90%-ға игеріліп, игерілмеген сома 2,9 миллиард теңге болғанын мәлімдеді.

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев 1,9 миллиард теңге сомасында республикалық бюджеттен бөлінген, игерілмеген мақсатты трансферттер туралы баяндады.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, жыл басынан бері өнеркәсіп бойынша тұрақты теріс мән байқалатынын атап өтті. Сонымен қатар маусым айынан бастап оның теріс мәні артып отыр. Республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферттердің игерілмеу сомасы 1,4 миллиард теңге болды.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өңірдегі игерілмеген мақсатты трансферттер сомасы 1,3 миллиард теңге болғанын айтты.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов 2 миллион теңгеден астам айналымы бар шағын және орта бизнес субъектісі саны 10 887 бірлікті немесе облыстағы жалпы жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің 38%-ына тең болғанын, бұл жалпы республикалық мәннен 9,9%-ға жоғары екенін мәлімдеді. Сонымен қатар республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферттердің игерілмеу сомасы 1,3 миллиард теңге екенін айтты.

Әкім Асқар Мырзахметов Жамбыл облысындағы игерілмеген сома 1,1 миллиард теңге болғанын жеткізді.

Аталған мәселені қарау қорытындысын шығара отырып, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев әкімдерге ағымдағы жағдайға талдау жасап, экономикалық өсімнің мақсатты көрсеткіштерінің орындалмауына жол берген, басшылардың жауапкершілігін қарауды тапсырды.

Мемлекет басшысы кемінде 4% өсімді қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Алайда статистикалық деректерге сүйенсек, 8 айдың қорытындысы бойынша өсім 3,8% болды. Тимур Мұратұлы (Сүлейменов, Ұлттық экономика министрі) өз баяндамасында атап өткеніндей, жыл соңына дейін 4% өсімге қол жеткізу үшін, бізге ай сайынғы өсімді орта есеппен 4%-дан жоғары деңгейде қамтамасыз ету қажет. Атқаратын жұмыс көп, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Айта кету керек, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, еліміздің экономикалық өсімінің төмендеуіне сыртқы факторлар мен турбуленттілік те әсер етіп отыр.

Әрине, ішкі және сыртқы қолайсыз факторлар бар, алайда бұл тапсырмаларды орындамауға себеп емес. Бізде Президенттің тапсырмаларын іске асырып, осы жылды табысты аяқтай алатындай барлық мүмкіндік бар. Сондықтан да бұл мәселеге мұқият жауапкершілікпен қарауды тапсырамын. Әкімдерге жергілікті жерлерде мән-жайды анықтап, жұмысын тиісінше атқармаған басшылардың жауапкершілігін қарауды тапсырамын. Қабылданған шаралар мен тәртіптік жазалар туралы ақпаратты бір апта мерзім ішінде Премьер-министр кеңсесіне ұсыныңыздар, — деді Премьер-министр.

Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне, мүдделі мемлекеттік органдар мен Премьер-министр кеңсесіне қыркүйектің соңында өңірлердің, банктердің, бизнес пен квазимемлекеттік сектордың қатысуымен кеңес өткізуді тапсырды.

Негізгі мәселе – Президент тапсырмаларынның орындалу барысы, әсіресе – сессияның ашылуында берілген тапсырмалар, «Президенттің Бес әлеуметтік бастамасы» бойынша тапсырмалар. Тимур Мұратұлы, тапсырмалардың орындалу сапасы, проблемалар мен оларды шешу жолдары бойынша егжей-тегжейлі талдау қажет, — деп түйіндеді Премьер-министр.