2018 жылдың 8 айында 80,7 миллиард теңге бюджет қаражаты игерілген жоқ. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты. Бұл оның Астана әкімі қызметіне тағайындалардан бұрын министр ретіндегі соңғы баяндамасы болды.
Республикалық бюджеттің шығыстары 6 триллион 277 миллиард теңге болды. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда бюджеттік тәртіп жақсарды. Атқарылмағаны — 91 миллиард теңге, оның ішінде бюджет қаражатының үнемделуі — 10,3 миллиард теңге. Игерілмеу сомасы — 80,7 миллиард теңге. Бұл 2017 жылдың 8 айындағы көрсеткішке қарағанда 21 миллиард теңгеге аз, — деді Бақыт Сұлтанов.
Оның дерегінше, Қорғаныс министрлігі 15,4 миллиард теңге, Мәдениет және спорт министрлігі 11,1 миллиард теңге, Ауыл шаруашылығы министрлігі 10, 9 миллиард теңге, Ішкі істер министрлігі 9,5 милииард теңге игермеген.
Игерілмеу сомасының бір бөлігі бюджетті нақтылау кезінде қайта бөлінеді. Жергілікті бюджеттер шығыстары 3 триллион 74 миллиард теңге болды. Атқарылмағаны — 69,6 миллиард теңге. Бұл көрсеткіш өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда біраз жақсарды, — деді ол.
Бақыт Сұлтановтың айтуынша, есепті кезеңде өңірлерге 448,8 миллиард теңге нысаналы трансферттер бөлінді. Олар жергілікті деңгейде 94,5 пайыз, немесе 423,9 миллиард теңге игерілді. 24,9 миллиард теңге атқарылмады, оның ішінде 2,4 миллиард теңге бюджет қаражатын үнемдеу болды.
22,5 млрд теңге игерілген жоқ, ол өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі игерілмеу сомасынан 44,6 пайызға аз, — деді Бақыт Сұлтанов.
Еске сала кетейік, ҚР Президентінің Жарлығымен Бақыт Сұлтанов Астана әкімі болып тағайындалды.