Басты бетЖаңалықтарБақытжан Сағынтаев...

Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрінің жұмысын сынға алды

Бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің жұмысын сынға алды.

Үкімет басшысы министр келтірген өңірлер бойынша көрсеткішке көңілі толмайтынын жеткізді.

Толықтай алғанда өңірлердің көрсеткіштері қолайлы тенденцияны сақтап отыр дейсіз. Өндірісті қарайтын болсаңыз, республикалық деңгейден 11 өңір төмен тұр. Қайдан қолайлы болмақ? Ары қарай құрылысты қараңыз, негізгі капиталға салынған инвестицияны қараңыз. 4 өңір ғана республикалық деңгейден жоғары тұр. Бұл деген не? Егер негізгі капиталға инвестиция салынбайтын болса, онда өндірістің дамуы жоқ. Қалай сіз оны қолайлы деп айтасыз? Бірінші кезде өзіңізге қарауыңыз қажет. Содан кейін барып басқа жұртқа ақыл айтыңыз, — деді Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министріне қарата.

Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі ел экономикасының жалпы ішкі өнім өсімі баяу екенін мәлімдеді.

Осы жылғы қаңтар-тамызда Қазақстан экономикасының оң өсу үрдісі сақталып отыр. Сонымен бірге даму әлемдік нарықтардағы қауіптер мен құбылудық күшеюі жағдайында жүріп жатыр. Есепті кезеңде Жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,8% болды. Бұл осы жылғы 7 айдағы көрсеткіштен 0,2%-дық тармаққа төмен. Жалпы ішкі өнімнің өсуі бойынша 4% мақсатқа жету үшін ай сайынғы өсуді осы жылдың соңына дейін орта есеппен 4,2% деңгейінде қамтамасыз ету қажет, — деді министр.

Оның атап өтуінше, инфляция деңгейі 2017 жылғы сәйкес кезеңдегіден жақсы қалыптасты. Жылдың басынан бері ол 2,9% болды, жылдық инфляция — 6,0%.

Осы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елдің халықаралық резервтері 87,3 миллиард АҚШ долларын, Ұлттық қордың активтері 56,5  миллиард АҚШ доллары болды. Алтын-валюта резервтері 0,1%-ке өсіп, 30,8 миллиард АҚШ долларына жетті, — деді Сүлейменов.

ДереккөзInform.kz