Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасы жергілікті аймақта мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асырады. Жыл басынан бері қалада діни ақпараттық түсіндіру тобы (АТТ) жұмыс істейді. Олардың қатарында теолог, дінтанушы, педагог, философия ғылымының профессоры, заңгер, психолог және т.б. мамандар бар. 70 шақты маман қазіргі уақытта басқарманың тапсырысымен мемлекеттің діни саясатын ел арасында дұрыс түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр.

«Мектептерде жалпы профилактикалық жұмыстарды жүргіземіз. Әсіресе, жоғары сынып оқушыларына жат ағымдардың ықпалы, олардың сипаты туралы діни ақпараттық кеңес беріп, түсіндіреміз. Кездесулер өткізіп, дәрістер, семинарлар жүргіземіз. Мұндай шаралар көбіне сұрақ-жауап форматында болады. Бұл — оқушылардың ойын біліп, көкейіндегі сауалдарына жауап беруге ыңғайлы формат. Бұдан бөлек, аудандар бойынша мектеп директорларына, оқу, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арнайы семинарлар ұйымдастырамыз, дөңгелек үстелдерге шақырамыз. Олар ұсыныстарын айтады, байланыс орнатып, мектепте өткізетін кездесулеріне шақырады. Кей мектептерде форманы сақтамай, хиджаб киіп келетін оқушылар болады. Сол сыныпқа барып, зайырлы мектептің талаптары туралы түсіндіреміз. Бұның бір оқушыны ғана шақырып алып, онымен жеке жұмыс істегеннен гөрі тиімді екеніне көзіміз жетіп келеді, — дейді Ақпараттық түсіндіру тобының өкілі Нұрболат Айeкешев.

АТТ қаладағы базарларда, мешіттерде, т.б. халық тығыз шоғырланған орындарда, сонымен  қатар білім беру мекемелерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Балабақшалардан бастап университеттерге дейін діни ақпараттық-кеңес алады.

Біз, білім беру мекемелері, ешқандай діни ұйымның ішкі ісіне араласпаймыз. Білім және ғылым министрінің № 26 бұйрығы бойынша мектеп формасына қойылатын талаптардың орындалуын қадағалаймыз. Жаңа оқу жылының басында да мектеп формасына қойылатын талаптар туралы ата-аналарға, мектеп ұжымына түсіндіріп, қайталадық, — дейді №131 мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ботагөз Шыныбекова.

2016 жылдың қазан айында ҚР Білім және ғылым, Дін істері және азаматтық қоғам, Әділет министрліктерліктері мектепте діни үлгідегі киімді киюге тыйым салынғанын растады. Бұған дейін де діни атрибуттарды, киім және бас киім үлгілерін киюге жол берілмеген. Егер заңда көрсетілген талаптар бұзылса, соңы әкімшілік жазаға ұласуы мүмкін. Сонымен қатар «Білім туралы» Заңының 3-бабы, 1-4-тармағында «білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерінің бірі — білім берудің зайырлы сипаты» деп нақтыланған. Заң бойынша еліміздегі барлық орта білім беру ұйымында белгіленген талаптар қатаң сақталады.

Орта білім беру мекемелеріне діни үлгідегі киіммен оқушы сабаққа кіргізілмейді. Бұған дейін мектебімізде осындай жағдай орын алған еді. Мектеп кеңесі оқушының ата-анасын шақырып, заңға бағыну міндетті екенін түсіндірді. Алайда ата-ана тарапынан ешқандай шара қолданылмады. Бұдан кейінгі іспен Ішкі істер саясаты мен Діни басқарманның мамандары айналысты. Заңды орындамағандарға 10 AEK (24 050 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Дегенмен мамандардың кеңесінен кейін іс сотқа жетпей, оқушы қыз нормада көрсетілген формаға көшті, — дейді №146 мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары  Мәншүк Шөкенова.

Жаңа оқу жылы басталғалы елімізде «мектептегі хиджаб» тақырыбы  қызу талқыға қайта түсе бастады. Хамза Асадуллах есімді Facebook қолданушысы 1 қыркүйек күні Фирдоуси ауылында болған оқиға түсірілген видеоны желіге жүктеді. Кадрда орамал тағып, ұзын көйлек киген бір топ қыз мектеп басшылығының рұқсатынсыз оқу ғимаратына кіруге тырысып жатыр. Сол жерде тұрған құқық қорғау қызметкерлері мен мекеме басшылары оларды кіргізбей қойды. Осыған қатысты Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «позиция өзгермеді» деп пікір білдірді. Сонымен қатар діни оқыту мен жалпы білім беру ұйымдарын шатастырмауды сұрады.

Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев та Түркістан облысындағы мәселе туралы пікір білдірген болатын.

Ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Білім және ғылым министрінің оқушы кимі үлгісі туралы ережесі, бұйрығы бар. Бұл — қалыпты процесс. Әлбетте, бұл мәселе бойынша сұрақтардың неліктен туындап жатқанын да түсінемін. Осы орайда діндар адамдардың тарапынан түсіністік болар деп үміттемін. Атап айтқанда, осы мәселе бойынша қазіргі таңда белсенді түрде түсіндіру жұмысын қолға алған Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы қолдау білдірер деп сенемін. Біз де жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бірақ, айтарым — бұл жерде алып бара жатқан проблема көріп тұрған жоқпын. Жекелеген сәттер бар, біз оларды ескереміз деп ойлаймын, — деді Дархан Кәлетаев.

Орта білім беру ұйымдарындағы мектеп формасына қойылатын талаптар қандай?

Заңда көрсетілгендей, мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады.

Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіледі. Сонымен қатар күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді.

Ұлдардың мектеп формасы

Пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

Қыздардың мектеп формасы

Пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

Ортақ ерекшеліктер

Ұлдардың мерекелік формасы: күнделікті формаға қосымша ақ жейде, қыздардікі: ақ түсті блузка.

Ұлдар мен қыздарға арналған спорттық форма: спорттық костюм (спорттық шалбар, куртка, футболка), спорттық аяқкиім (крассовка, кеды).

Мектеп формасына классикалық пішіндегі мектеп формасының негізгі түсіне сәйкес немесе кереғар келетін галстук тігіледі.

Мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін (белгілер, тігіспелер және т.б.) салуға болады. Олар киімнің немесе аксессуардың (пиджак, жилет, галстук) жоғарғы бөлігінде орналасады.

Мектеп формасына қойылатын талаптар климаттық жағдай, оқу сабақтарының өткізілу орны және оқу ғимаратындағы температуралық режим ескеріледі. Сонымен қатар мектеп формасының түсін, фасонын таңдауды және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен қоғамдық кеңес айықындайды, жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Формаға өзгерістер енгізу туралы шешім қоғамдық кеңеспен келісу арқылы қабылданады.

Тыйым салынған жағдайлар

Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды.

Мектеп формасына қойылатын талаптар бойынша жарақаттайтын фурнитурасы бар киім киюге және аксессуарлар тағуға тыйым салынады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!