ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұлғаны куәландыратын құжаттар жөнінде заңға сәйкес Қазақстан азаматының төлқұжатына ата-аналарымен бірге шетелге шыққан 16 жасқа дейінгі балалардың суретімен бірге олар туралы жазба енгізілуі мүмкін.
«Әлемде лаңкестік пен экстремизм қаупінің күшеюіне байланысты, көптеген ел шекараларынан өткізу тәртібін қатайтуға мәжбүр болды. Мемлекеттің шекарасынан өту үшін ата-анасымен бірге елден сыртқа шығатын 16 жасқа дейінгі балалардан Қазақстан Республикасының азаматы (мысалы, Шенген аймағындағы Еуропа елдері, АҚШ, БАӘ және т.б.) екенін растайтын құжаттың болуын міндетті талап ретінде қарастыратын елдердің саны артып келеді. Сондықтан ІІМ Қазақстан азаматтарына өзге елдердің шекараларын оңайлықпен өтуге мүмкіндік жасау үшін ата-аналардың төлқұжаттарына 16 жасқа дейінгі балалардың суреттерін жабыстыруға тыйым салуды қарастыратын заңға өзгеріс енгізеді. Сәйкесінше, балаларға елдің шекарасынан өту үшін жеке төлқұжат жасалуы керек» делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік, жаңа өзгертулер 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.