Алматыда жазушылардың І халықаралық форумы басталды. Шараға әлемнің 17 елінен 70-ке жуық жазушы қатысып жатыр. Әдеби форумды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы әкімдігі ұйымдастырды.
«Құбылмалы әлемдегі қазіргі заманғы әдебиеттің рөлі» атты форумға Ұлыбритания, Франция, Түркия, Ресей, Польша, Израиль және тағы басқа елдерден ақын-жазушылар, публицистер, филологтар мен аудармашылар жиналған.
Халықаралық форумның модераторы — Қазақ ПЕН-клубының жетекшісі Бигелді Ғабдуллин әлем жазушыларын Қазақстанда не себепті жинап отырғанын түсіндірді.
Менің Халықаралық ПЕН-клубты басқарғаныма төрт жылдан асты. Осы қызметке тағайындалған сәттен алдыма орындалуы керек маңызды екі тапсырма қойдым. Олар — жазушылар мен журналистердің құқығын қорғау және қазақ әдебиетін шетелге насихаттау. Әсіресе, ағылшын тілінде дамыту. Себебі, ағылшын әлемінде жоқ жазушының болашағы жоқ. Сондықтан да мен осы мәселені қолға алдым. Әлем тек бізді қазба байлықтарымыз бен қуатты экономикамыз арқылы таниды. Ал біз әдебиетімізді де бүкіл әлемге танытқымыз келеді. Форумды өткізу идеясы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындады, — деді Бигелді Ғабдуллин.
ПЕН-клуб жетекшісінің айтуынша, бүгінге дейін Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев, Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Смағұл Ерубай, Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей және Сәкен Жүнісов шығармаларының аудармасы АҚШ-та және Ұлыбританияда жарық көрді.
Жиынға қазақ ақын-жазушыларынан Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков, Олжас Сүлейменов қатысты.
«Қазіргі форумдардың философиялық мәніне қарағанда тәжірибелік мәні бірінші орында тұруы керек. Себебі қазіргі уақытта ірі державалар арасындағы соғыстар мен санкциялардың бір ұшы Қазақстанға да тиіп жатыр. Сондықтан мұндай қауіп төнгенде жазушылардың сөзі өте маңызды рөл атқарады. Бейбітшілікті сөзбен де сақтауға болады», — дейді Дулат Исабеков.
Сонымен қатар шарада шетелдік жазушылардан 2019 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Атанас Ванька, танымал ақын, жазушылар Тарык Гюнерсель, Михаил Делягин, Владимир Карцев, Алексей Цветков форумда қазіргі заман әдебиеті туралы пікір білдірді.
«Жазушы әлем халықтары әдебиетінің жаңалықтарынан хабардар болып отыруы керек. Ол бір орында тұрақтап қалмай, уақыт өткен сайын дамуды көздегені жөн. Жазушы елінің насихатшысы десек қателеспейміз. Сонымен қатар өзге елдің жазушыларымен жақсы қарым-қатынаста болып, әдебиетінің мәселесін шешуі керек», — деді Израиль ақыны Алексей Цветков.
Әдеби шара аясында «XXI ғасыр мен әдебиет мәселелері» және «Ұлттық әдебиеттің жаһандануы» тақырыбында талқылау өтеді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Алматы күні аясында басталған форум 3 күнге созылады.
Айта кетейік, Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: Егер біз ұлт болғымыз келсе…, онда «Жаһандық әлемдегі қазіргі заманғы мәдениет» жобасын дамытуымыз керек, — делінген еді.