Басты бетЖаңалықтар"Адырна" бірлестігінің...

«Адырна» бірлестігінің өкілдері діни сауаты нашар азаматтармен оңаша әңгімелесті

Құрбан айт күні Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының әлеуметтік жобаларын іске асырушы ұйымдардың бірі — «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің өкілдері «Барыс» базарында діни сауаты нашар екі азаматпен оңаша әңгімелесті. Азаматтардың сұрақтарына дінтанушы Асылтай Тасболат жауап берді.

Домбыра мен гитара аспаптарының түбі бір. Домбыра қалай харам болмауы мүмкін, — деген сұрақ қойды азаматтардың бірі Сағындық Ниязов.

Дінтанушы оған домбыраның жаугершілік заманда да, бейбіт заманда да қазақ халқының айнымас серігі болып келе жатқанын, оның қазақ халқының мәдениетіне қосқан үлесі туралы айтты. Асылтай Тасболат гитара мен домбыраның айырмашылығын да түсіндірді.

Былтыр Әбу есімді жігітпен әңгімелесіп, үгіт жүргізгенбіз. Биыл да онымен базарда кездесіп қалып, сөйлесудің реті келді. Былтырғыдай емес, беті бері қарап қалыпты. Бұрынғыдай фотоаппараттан шошымайды. Ұлттық құндылықтар туралы әңгімемізді құлақ қойып тыңдады, — дейді «Адырна» бірлестігінің өкілі.

Айта кетейік, бұған дейін «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша «Көкбазар» және «Арлан» базарларының намазханасында жамағатпен кездесу өткізген.