Атырау тұрғындарына енді баланы балабақшаға тіркеу және кезегін білу үшін ХҚО мен қалалық білім беру бөлімінде ұзын сонар кезекке тұрудың қажеті жоқ деп хабарлайды Атырау әкімдігінің баспасөз қызметі.
2018 жылғы 5 қыркүйектен бастап Атырауда garden.atyrau.gov.kz сайты жұмыс істей бастады, мұнда онлайн режимде балабақшаны таңдауға, ол туралы толық ақпарат алуға, мектепке дейінгі мекемелерге кезегін қадағалауға, сонымен бірге SMS немесе e-mail-хабарлама арқылы кері байланыс алуға болады.
Қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алмабек Абдоловтың айтуынша, сайт ата-аналардың уақытын үнемдеуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелін және қалалық білім бөлімі мамандарымен жеке байланыс жасауды болдырмауға көмектеседі.
Бүгінде Атыраудағы 42 мемлекеттік балабақшада 13 219 орын бар, оның 1141-і бос. Ата-аналар барлығы 24 925 арыз берген. Оның ішінде кезекте тұрғандар — 22 408, жеңілдік санатындағы азаматтар — 2 517, — деді Алмабек Абдолов.
Сонымен қатар сайтта қаладағы барлық балабақшалардың толық тізімі, арыздардың кезегі, бос орындар бюллетені, алынған жолдамалардың жиынтығы орналастырылған. Ата-аналар үйден шықпай-ақ балабақшаға кезегін тексеріп, жолдама ала алады.
Бұл жерде сондай-ақ жекеменшік балабақшалардың тізімі және олардағы орындар мен бос орындардың саны туралы ақпарат та орналастырылған.