Қазақстан әйелдердің құқықтарын кеңейту және Ауғанстандағы тұрақтылықты нығайту мәселесі бойынша барлық мүдделі тараптың БҰҰ агенттіктерімен жұмысына үлкен мән береді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астанада өткен «Ауғанстан әйелдерінің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту» өңірлік конференциясында мәлімдеді.
Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, Қазақстан мен аймақтың басқа елдері үкімет пен азаматтық сектордың синергиясында үлкен тәжірибеге ие.
Аймақ елдері мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайту арқылы гендерлік бағыттағы бағдарламаларды жүзеге асырады, әйелдердің саяси, экономикалық және әлеуметтік процестерге қатысуын кеңейтеді. Аймақтық серіктестерімізбен бірге осы тәжірибені ауғанстандық әріптестерімізбен бөлісуге дайынбыз, — деді ҚР СІМ басшысы.
Еске салайық, конференцияда Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова еліміздің мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарының бірі – гендер саясаты, әйелдердің мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейту екенін айтқан еді.
Ол конференцияға қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді. Онда Қазақстанның Ауғанстанда бейбітшілікті тезірек орнатуға көмектесуді жақтайтыны айтылған, сонымен қатар әйелдердің жағдайын жақсарту, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және бейбіт өмірге қол жеткізу жолындағы Ауған үкіметінің қадамдары жоғары бағаланған.
Тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап Қазақстан гендерлік саясат және елдің әлеуметтік-саяси өмірінде әйелдердің рөлін күшейту мәселелерінде әлемдегі ең жоғары стандарттарға қол жеткізу бойынша дәйекті жұмыс жүргізіп келеді. Қазақстан гендерлік теңдік саласындағы барлық негізге алынатын халықаралық құжаттарды ратификациялады және олардың бағдарлары практикалық тұрғыда стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда дамыған, — делінген Мемлекет басшысының жолдауында.
Президент Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде халықаралық қоғамдастықтың белсенді қолдауымен Орталық Азиядағы және Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударатындығын атап өтті. Бұл тұрғыда Ауғанстандағы әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту маңызды.
Форумның ашылу салтанатында Нобель сыйлығының лауреаты Тавакуль Карман, Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары Танзила Нарбаева, Қырғызстанның вице-времьер-министрі Алтынай Омурбекова, Ауғанстанның Әйелдер істері жөніндегі министрі Дильбар Назари, БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі, Орталық Азиядағы Превентив дипломатия аумақтық орталығының басшысы Наталья Герман сөз сөйледі, сонымен бірге АҚШ президентінің кеңесшісі Иванка Трамптың бейнеүндеуі ұсынылды.
«Ауғанстан әйелдерінің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту» өңірлік конференциясын ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Еуропалық Одақ, ҚР Тұңғыш Президенті қоры және Еуразиялық Медиа Форум 2018 жылдың қаңтарында Нұрсұлтан Назарбаевтың Дональд Трампқа айтқан ұсыныстарын іске асыру мақсатында бірлесіп ұйымдастырды.
Оған Әзірбайжан, Ауғанстан, Армения, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Еуропалық Одақ, Үндістан, Қытай, Ресей, АҚШ және Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары деңгейдегі делегациялары қатысты.