Алматы университеттері студенттерге қоғамға қызмет етуді оқытқалы отыр

Universities 38 Университеттер альянсы қоғамдық сананы модернизациялаудың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында студенттерге қоғам мүддесіне қызмет етуді оқыту курсын енгізу туралы бастама көтерді. Бұл туралы Алматының жоғары оқу орындарына Community Service Learning бағдарламасын енгізу жөніндегі әлемдік тәжірибені қабылдауға арналған семинарда айтылды.

U38 альянсының төрағасы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры Шолпан Жаманбалаеваның айтуынша, қоғамға қызмет ету — Қазақстан университеттеріндегі барлық студент жастың бойына сіңірілуі тиіс және негізгі саналуы тиіс құндылық.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде студенттердің әлемдік тәжірибені пайдалана отырып білім алуына жағдай жасау керегі айтылған еді.

Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет, — делінген үндеуде.

Профессорлық-оқытушылық құрамның пікірінше, қоғам алдында өзінің әлеуметтік жауапкершілігін терең түсінетін маман даярлау «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсатына сай келеді және қазіргі таңда Алматы университеттері білім беру процесі шеңберінде студенттерге қоғамға қызмет етуді жүйелі түрде оқытуға көшуге дайын.

Бұл әдісті енгізіп үлгерген жетекші университеттер енді басқа ЖОО-ларға әдістемелік көмек көрсетуі тиіс, соның ішінде семинар-тренингтер ұйымдастыруы керек. Алматының 38 жоғары оқу орны қатысқан алғашқы семинарда Almaty Management University-дің тәжірибесі таныстырылды.

Community Service Learning пәні 2015 жылдан бастап барлық студент үшін міндетті. Осы оқу курсының шеңберінде студенттер қоғамға қызмет етуді үйреніп, қарттар үйлерінде, мүгедектер үйлерінде және басқа да әлеуметтік нысандарда білімін тәжірибеде қолданып көреді, — деді AlmaU бірінші проректоры Алмагүл Қанағатова.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің деканы Әлия Масалимова да бұл пәнді енгізудегі тәжірибесін әңгімелеп берді.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «қоғамға қызмет ету» әдістемесін түрлі пән оқытушылары қолданады. Олар өз курстарына әлеуметтік маңызды және шынайы өмірге қатысты жобалар мен тапсырмаларды қосады, оларды орындау қоғамдастық ішінде оқу қызметін бағалау кезінде ескеріледі. Оқу процесі нақты бір мекемедегі тәжірибемен ұштасуы мүмкін, онда студент үшін волонтерлық белгілі бір мамандықты меңгерудің ең озық әдісіне айналады, — деді Масалимова.

U38 альянсының жаңа ауқымды жобасын үйлестірумен Almaty Management University айналысады.

Сонымен қатар, мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттың табысы қазба байлығымен емес, ұрпағының сауаттылығы, білімдігі мен рухани қасиеттерімен өлшенетіндігін жазған болатын.

Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қа­бі­летімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақ­стандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы,  ком­пьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мә­дени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың сана­тында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы, — делінген  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында.

Еске салайық, Алматы университеттерінің Universities 38 альянсы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде оқытушылар әлеуетін біріктіру мақсатында құрылған еді. Universities 38 оқу орындарын рухани модернизация драйверлеріне айналдыруға ықпал ете отырып, тәжірибе алмасу мен жаңа жобаларды өндіру алаңы болып отыр. Альянс ағылшын тілін үйрететін Almaty study English project, «Алматы туралы 100 қызық дерек» және басқа да жобаларды іске қосты. Бұрын Universities 38 Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтымен бірге әлеуметтану бойынша аударылған екі кітапты оқу бағдарламасына енгізу жөніндегі әдістемелік оқу құралын жасаған болатын.