Алматыда үздік бизнес-идеяларға грант табысталды

«Жас кәсіпкер–2018» жазғы мектебінде бизнес-идеялар байқауы өткізіліп, оларды жүзеге асыру үшін 500 000 теңге көлемінде 3 грант бөлінді. Оған «Сөйлеу кедергісі бар мектепке дейінгі балаларға арналған түзету кешені» жобасымен Әсел Әбуова, «Ақылды қолғап, ақылды білезік» жобасымен Асқар Әскеров, Smart Book жобасымен Ерасыл Қабитқанов және Нұраш Олжас ие болды.

Жобаға қатысушылар  инвесторлармен, танымал кәсіпкерлермен, басқарушы компаниялардың басшыларымен, маркетинг және digital өкілдерімен танысып, менторлық көмек алды.

Жазғы мектепте Centras қаржылық тобының иегері Елдар Әбдразақов, Қазақстандағы «Синергия» университетінің бас директоры Бауыржан Қасымбергебаев, RumiGroup мейрамханасының негізін қалаушы Қуаныш Шонбай, қазақстандық «Бизнес Молодость» жаттықтырушысы Ростислав Инжаков, Hemingway Bar, EscoBar және XALVA the Mighty мейрамханаларының негізін қалаушы Еркебұлан Мұқанов, «Жаңа Ұрпақ» көшбасшылық мектебінің негізін қалаушы Асхат Әбжанов және т.б. кәсіпкерлер спикер болды.

Негізгі бизнес-жобалар байқауынан бөлек, спикерлер жобаның белсенді қатысушыларына көптеген сыйлық табыстады. Еркебұлан Мұқанов «Metrobot — ұшқышсыз робот-жеткізуші» жобасымен Марат Дайыровқа өз мейрамхана желісінде 100 000 теңге көлемінде депозит ұсынды. Бақтыгүл Қасымова ұсынған 100 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық ResuMe.kz жобасының негізін қалаушы Әбсейіт Ілиясқа табысталды. Ростислав Инжаков қатысушыларға лендинг сайтты жасайтын «Мокапс» бағдарламасын ұсынды. Ардақ Бердібеков Neupusti.net жобасына премиум жазылуды ұсынды. Бауыржан Қасымбергебаев бағалы кітаптарды сыйға тартты.

Сонымен қатар жоба қатысушылары 10 күн ішінде еліміздің танымал кәсіпкерлерінен және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Алматы қалалық филиалының өкілдерінен дәріс алды.